|
Қытай жас мамандарға арналған жаңа виза енгізеді
|
KAZINFORM — 1 қазаннан бастап Қытайда ғылым мен технология саласындағы жас шетелдік мамандарға арналған жаңа K санатындағы виза күшіне енеді, деп хабарлайды ҚХР Мемлекеттік кеңесі.
Жаңа виза халықаралық алмасу мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оның иелері қолданыстағы 12 түрлі визамен салыстырғанда кеңірек жеңілдіктер жиынтығына ие болады. Оған рұқсат етілген кіру санының артуы, визаның ұзақ мерзімге берілуі және елде болу мерзімінің ұлғаюы кіреді.
K визасының иелері Қытай аумағында білім беру, мәдени және ғылыми-техникалық алмасу бағдарламаларына қатыса алады, сондай-ақ кәсіпкерлікпен және іскерлік қызметпен айналыса алады.
Белгіленген жас, білім және кәсіби талаптардан бөлек, бұл визаны рәсімдеу үшін қытайлық жұмыс берушіден немесе ұйымнан шақырту талап етілмейді. Бұл виза алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.
Жаңа виза санаты халықаралық байланыстарды кеңейту үшін визалық ережелерді кезең-кезеңімен жеңілдету аясында енгізілуде. 2025 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша Қытай 75 мемлекетпен біржақты визасыз режим немесе өзара визадан босату туралы келісім орнатқан.
Бұған дейін Қытайдың 75 елдің азаматтарына визасыз режим енгізгені хабарланған болатын.
Айта кетелік Қытайда чикунгуньяға арналған экспресс-тест әзірленген еді.
Назым Бөлесова
Қытай 74 мемлекет азаматтарына елге визасыз кіруге рұқсат берді
KAZINFORM – Туристерді тарту және әлемдік аренадағы ел имиджін көтеру үшін Қытай өз еліне 74 елдің азаматтарының 30 күнге визасыз кіруіне рұқсат берді, деп жазды Анадолы.
Бұл туралы ҚХР Ұлттық көші-қон қызметі хабарлаған.
Әуелде визасыз режим 2023 жылдың желтоқсанында Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания және Малайзия тұрғындары үшін енгізілген болатын. Кейін бұл тізім кеңейтіліп, оған Еуропаның барлық елдері, сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының кейбір мемлекеттері қосылды.
16 шілдеде тізімге Әзербайжан да кіреді.
Қытай билігінің мәліметінше, 2024 жылы елге визасыз режим арқылы келген шетелдіктердің саны 20 миллионнан асты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Ресей сияқты өзге де бірқатар елдердің азаматтары Қытай арқылы өзге мемлекетке бара жатқанда ғана 10 күнге дейінгі визасыз режимді қолдана алады.
Қытай туризм академиясының сарапшысы Лю Сяньяньнің пікірінше, визасыз саясат тек экономиканың дамуына ғана емес, мемлекеттің шетелдегі беделін көтеруге де ықпал етеді.
Осыған дейін Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алатыны туралы жаздық.
Айдар Оспаналиев