|
Қытай билігі жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеруге ерекше мән береді
|
Қытай еңбек адамдарының мәртебесіне айрықша ден қойған ел, деп хабарлады 24.kz
Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Алдымен Қытайдан бастайын. Мұнда жұмысшы мамандық иелері қоғам дамуының тірегі ретінде қарастырылады. Бұл идеологияға ел билігі ерекше мән беріп отыр. Өйткені, мемлекетте кадр тепе-теңдігін ұстап тұру өзекті мәселеге айналған. Оған себеп көп.
Бұл елдің технологиялық индустриясы қарқынды дамып жатқаны белгілі. Алайда, онда жұмыс істеуге бағытталатын кадрлар дайындығы төмен. 2024 жылғы мәліметке сәйкес Қытайдың жалпы еңбек күшінің 26%-і ғана кәсіби-техникалық біліктілікке ие. Жастар қара жұмыс істеуге құлықсыз. Жұмысшы мамандардың басым көпшілігі орта және егде жастағы адамдар.
Ресми статистикаға сәйкес еңбек нарығында 30 миллионнан астам кадр жетпейді. Әсіресе, механиктер, робототехника операторлары, құрылысшылар және дәнекерлеушілер жоғары сұраныста. Зауыттар мен кәсіпорындарда білікті маманға талас. Оларды ұстап қалу үшін жалақыдан басқа түрлі жеңілдіктер жасап, жан-жақты қолдау көрсетуге тырысады. Мәселен, жұмысшының тұрғын үйге, бала-шағасының мектебіне, ем-домына кететін қаражаттың бір бөлігін төлеп береді. Кейінгі жылдары қоғамдағы мәртебесін арттыруға күш салынып жатыр.
Сондай идеологиялық қадамның бірі Лаомо, яғни, «Еңбек үлгісі» атағының берілуі. Бұл атақ білікті, ел дамуына үлкес қосқан қарапайым жұмысшыларға беріледі. Оған ие болған адам қоғамда ерекше мәртебесі болады. Сондай-ақ, мемлекеттен қосымша жәрдемақы, марапат, табыс салығы төмендетіледі, тіпті, кей жағдайда зейнетке ерте шығуына сеп болады.
Ал бұл мәселеге қатысты Оңтүстік Кореяның өз саясаты бар. Олар баланы мектеп жасынан бастап дайындайды. Кәсіби орталықтарға, жұмыс орындарына, зауыттарға экскурсия жасатады. Тіпті, бұл бағытта жұмыс істейтін арнайы орталықтар бар. Онда балаларға аула сыпырушы, қоқыс жинаушы, аспаз, шаштараз болып жұмыс істеп көруге болады. Ең бастысы, барлық мамандықтың құрметке лайық екендігі түсіндіріледі. Еңбек адамдары қай елде болса да жоғары мәртебеге лайық.
Руслан Бақытбекұлы, тілші: - Алайда, әр мемлекеттің саясаты әртүрлі. Көбінесе шығыс елдерінің идеологиясы ұқсас келеді. Бұл жақта қоғамның тірегі, абыройдың негізі еңбек саналады. Еңбек адамдарына құрмет көрсету ұлтқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде жастардың бойына сіңіріледі