Қытай астанасы қою түтін астында қалды (видео)
Қытай астанасы қою түтін астында қалды (видео)
10 жыл бұрын 4133 24.kz

Бейжіңді тағы да қою түтін басты. Бірнеше күн бойы таза ауамен тыныс алып қалған қытайлықтар үйреншікті болып кеткен бетперделерге қайта оралуға мәжбүр. Ал билік экологиялық қауіптің «қызғылт» деңгейін жариялап отыр. Бейжіңдегі экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Аспан асты елінің билігі шаһардағы барлық балабақшалар мен мектептерге сыртта сабақ өткізуіне үзілді-кесілді тыйым салып отыр. Бұл шешім алдағы 3 күн ішінде күшін жоймауы тиіс. Ал оқушылардың қамын ойлап, олардың сыртқа шықпауын сұраған кейбір білім мекемелері тіптен ғаламтор арқылы сабақ жүргізуді ұйғарыпты. Ху Лун, жергілікті тұрғын: - Мен күні бойы кеңседе отырып жұмыс істеймін. Сол себепті кешкісін үйге жаяу қайтқанды ұнатамын. Ал далада мынадай көрініс болса, таза ауа туралы ұмытуға тура келеді. Зиянды газдар кейбір тұрғындардың берекесін қашырып жатса, кейбіреулері одан туындылар жасап әлек. Мәселен, қытайлық суретші арнайы құрылғының көмегімен қаладағы түтінді жинаған. Артынша оны саз балшықпен араластырып, кірпіш басып шығарыпты. Жас жігіт бұл әрекеті арқылы әлем халқының назарын Бейжіңнің экологиялық жағдайына аудармақ болса керек. Шэньчжэнь қаласының тұрғыны: - Көп адам менің бұл қылығымды ақылға қонымыз әрекет деп есептеуі мүмкін. Алайда лас ауамен тыныс алу – одан да бетер ақымақтық, меніңше. Мен алғашында Бейжіңге келгенде бетімді тұмшалап алатынмын. Алайда одан еш пайда болған жоқ. Бұл қиындықты бетперде тағу арқылы шешу мүмкін емес, әрине. Жалпы Аспан асты елінің билігі ауаның ластануымен күрес жөніндегі бағдарламаны осыдан бір жыл бұрын іске қосқан болатын. Алайда шенеуніктер 2030 жылға дейін жоспарланған көрсеткішке қол жеткізе алмауымыз мүмкін деп үрейленеді.

0 пікір
Мұрағат