Қырғызстанда дінге қатысты шектеулер енгізілмек
|
Қырғызстанда діни әдебиеттерді таратуға және бетін жасыратын киім киюге тыйым салу ұсынылады.
Қаулының тиісті жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Діни әдебиеттерді, өзге де діни баспа, аудио-, бейнематериалдарды қоғамдық орындарда және тұрғын үй-жайларды аралау жолымен, мемлекеттік және муниципалдық ұйымдарда, мектепке дейінгі білім беру және жалпы білім беру ұйымдарында таратуға тыйым салу ұсынылады", - делінген құжатта.
Бұдан басқа, мемлекеттік дін комитеті қарттар мен мүгедектер үйлерінде, жазасын өтеу түзеу мекемелерінде, тергеу изоляторларында, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрамаларында, бөлімдері мен бөлімшелерінде дін істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз діни рәсімдерді, жиналыстарды және өзге де діни іс-шараларды өткізу үшін шетелдік діни ұйымдардың дін қайраткерлері мен уағызшыларын шақыруға тыйым салуды жақтады.
Діни ұйымдардың немесе олардың өкілдерінің мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару орындары мен олардың шенеуніктерінің қызметіне араласуына тыйым салу және айыппұл салу ұсынылады.
Бұдан басқа, діни қызмет субъектілерінің саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға тыйым салу жөнінде ұсыныс енгізілді.
Сондай-ақ, Қырғызстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы елде азаматтың жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін, мемлекеттік органдар мекемелерінде және қоғамдық орындарда адамның беті көрінбейтін киім киюге тыйым салуды ұсынады.