Қолмен тоқылған жайнамаз тарихы туралы кітап жарық көрді
|
Ислам тарихы, өнері және мәдениетінің зерттеу орталығы (RCICA) «Қолмен тоқылған жайнамаз тарихы» туралы кітаптың бірінші томын жарыққа шығарды. Баспа қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, мұндай еңбек кітап түрінде бірінші рет жарияланып отыр. Алғашқы том 395 беттен тұрады, оның 221-і – ағылшын тілінде, 174-і – араб тілінде. Бұл жайында Islamic Arts Magazine ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш кітап беттерінде әлемнің түрлі елдерінде жүннен, жібектен, мақтадан тоқылған жайнамаздар бейнеленген. Соның ішінде, Түркияда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда, Иранда, Мысырда, Мароккода, Тунисте, Алжирде, Мавританияда және Кувейтте қолмен тоқылғандары да бейнеленген. Сондай-ақ, бұл еңбекте жайнамаздың пайда болуы тарихы мен оны жасау қолөнерінің даму тарихы, технологиялық ерекшелігі туралы деректер мен мәліметтер қамтылған. «Қолмен тоқылған жайнамаз тарихы» – академиялық еңбек болып табылады.