Қазақ тілін 40 жыл зерттеген профессор шала қазақтарды сынамауға шақырды
|
АҚШ-тағы Индиана университеті Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасының профессоры Уильям Фиерман 40 жыл бойы қазақ және өзбек тілдерін зерттей келе «шала қазақтарды» сынауға болмайды деген тұжырым жасады.
Бұл туралы «Мой городқа» сілтеме жасап, NUR.KZ хабарлады.
«Мен «шала қазақтар» деген ұғымнан хабардармын. Менің бірнеше «шала қазақ» достарым бар. Олар өз тілінде сөйлеуге тырысқан сайын, айналасындағылар саусағын шошайтып, сынға ала бастайды. Олар тығырыққа тірелген. Бір шетінен өз тілдерін үйренгісі келеді, екінші шетінен сол үшін көпшіліктің мазағына қалады. Ал мен, Америкадан келген профессор, қазақша қате сөйлеп бастасам, шала қазақ емес, керісінше, қазақша сайраған адам болып шығамын. Олай болмауы керек», — деп ағынан жарылды Фиерман сұхбатында.
Уильямның ойынша, мұндай «шала қазақтардың» қалыптасуына КСРО кезіндегі саяси қуғын-сүргін мен қазақ тілінің үш рет жазу емлесін ауыстыруы себеп болған.
«Репрессия — орыстандыру саясатының бір бөлігі болды. Бұдан бірінші кезекте қазақ мәдениеті, оқымыстылары зардап шекті. 1933 жылдан бастап қуғын-сүргіннің арқасында орыс тілі Орталық Азиядағы өзге
тілдерді ығыстыра бастады. Қазақ тілінің емлесі арабшадан, латынға, одан кейін кирилл қарпіне ауысуы да кері әсерін тигізді» , — деп санайды профессор.
Фиерман кей қазақтардың туған тілі орыс тілі деген тоқтамға келген.
Адамның туған тілі – оның бала кезден сөйлеуге дағдыланған тілі деп есептеймін
«КСРО кезінен бері туған тіл адамның ұлты мен қанына байланысты болуы керек деген менталитет қалыптасқан. Алайда, мен адамның туған тілі – оның бала кезден сөйлеуге дағдыланған тілі деп есептеймін. Өткен жылда Астанада қазақ қызымен қазақша сөйлескенде ол туған тілін білмейтінін айтып, кешірім сұраған болатын. Олай болмауы керек. Себебі, бұл жағдайда ол қыздың туған тілі қазақ емес, орыс тілі болып тұр», — дейді профессор.
Фиреман бұл мәселені шешудің жолдарын да ойластырып қойған екен.
«Мен келер ұрпаққа қазақ тілін тереңдетіп үйретуді бастар едім. Қазақ тілінде қызықты балалар телебағдарламалары шығып тұруы керек. Сонда бүлдіршіндер өздері-ақ теледидар алдында қазақ тілін еркін меңгере бастайды. Оларды үйретіп те отырмайсыз. Сапалы әндер, кітаптар, фильмдер қазақ тілінде болса, көпшіліктің тілге қызығушылығы оянады. Ал іс-қағаздарды қазақ тілінде күштеп жүргізу айтарлықтай нәтиже бере қоймас. Көпшілігі оны орысша жүргізіп, сапасыз қазақша аудармасын қоса тіркеумен ғана шектеледі. Қазақ тіліндегі сабақтар да төмен деңгейде. Менің естуімше, кей мектептерде қайдағы бір «апалар» (артық кетсем, айыпқа бұйырмаңыздар – Уильям) оқушыларға ауыр түсініксіз сөйлемдерді аударттырып, ұзақ өлеңдер жаттатумен ғана шектеледі. Бұлайша олар жеткіншектің тілге деген қызығушылығын оята қоймайды. Оқушылар тілді тек тойларда әдемі тілек айта білу үшін жаттап жатады. Қазақша тілек айтып, бәрін мәз-мейрам еткенімен шаруа бітеді деп есептейді. Ал тілдің өзге ортада да тіршілік етуі тиіс екенін түсініп жатпайды», — деп түйіндеді Уильям.