Қандағы холестериннің деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін білезік жасалуы мүмкін
Қандағы холестериннің деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін білезік жасалуы мүмкін
10 жыл бұрын 4536

Мексиканың ұлттық дербес университетінің (UNAM) медик ғалымдары шамадан асып кетсе түрлі сырқаттарға шалдықтырып, адам ағзасына қауіп төндіретін қан құрамындағы холестериннің деңгейін әрі тұтқырлығын нақты уақыт аралығында қадағалауға мүмкіндік беретін білезікті жасау үшін тер төгіп келеді.  Осынау инновацияллық жаңалықтың бір артықшылығы, қан құрамындағы холестериннің деңгейі мен тұтқырлығын анықтау үшін адам ағзасынан қан алудың қажеті болмайды. Сондай-ақ, бұл ғылыми жобаға физиктер де тартылған. Неге десеңіз, қан ұдайы айналымда болатындықтан, оның қозғалу жылдамдығы арқылы қанның құрамын анықтау үшін аталмыш құрылғыны физиктердің көмегінсіз жасау мүмкін емес. Дәлірегі, құрамы күрделі сұйықтықтардың қозғалу өзгерісін зерделейтін реология саласының мамандарынсыз бұл бағытта алға жылжу мүмкін емес. Адам қаны да күрделі сұйықтықтардың қатарына жатады. Оның құрамы тек судан, тұздан, белоктан және плазма липидінен ғана тұрмайды, сонымен қатар, органикалық заттардан да (соның ішінде холестерин, триглицеридтен, т.б. заттардан) тұратыны да ескеріліп отыр. Қанның формалық элементтері мен жасушалары оның тұтқырлығына әсер етпей қоймайды. Алайда, осы уақытқа дейін қанның бұл қасиеті реология тұрғысынан зерделенбей келген болатын. Ғалымдар қан қысымын өлшеу арқылы оның деңгейі бойынша қанның тұтқырлығын анықтауға мүмкіндік алды. Ал, тұтқырлық деңгейі арқылы өз кезегінде қан құрамындағы холестерин мен триглицеридтің деңгейін анықтауға болады. Бұл құрылғы программаланған электронды құрылғылар секілді, мәселен, ақылды сағат үлгісінде жасалуы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат