Қалмақтар астанасындағы жалғыз мешіт отқа оранды
|
Шілде айының 2-сінен 3-іне қараған түні бетперде киген белгісіз біреулер Элистегі жалғыз мешітті өртеп кетті. Олар тарауық намазынан кейін жамағат тараған соң түнгі сағат бірлер шамасында тез тұтанатын қоспасы бар шөлмектерді ғибадат ғимаратына лақтырған. Сумаңдаған жалын тілі жуырда ғана жамағаттың қаржысымен күрделі жөндеуден өткен мешіттің ішіндегі желдеткішті, кілемді жалмап, палстикалық терезелердің де түгін қалдырмаған. Осынау өрт арқылы араға от тастап, татулыққа сына қаққысы келтіндердің кімдер екені әлі анықталған жоқ. Мұсылмандарға қарсы мұндай келеңсіздіктер Ресей Федерациясы аумағында соңғы жылдары жиі орын алатын болып жүр. Мәселен, 2001 жылы Прикум кентіндегі мешітке доңыздың басын лақтырып кетсе, 2008 жылы мүфтиятқа шабуыл жасалған. Сарлин ауданындағы мешітті қиратып кеткен. Ең өкініштісі, осы аталған келеңсіздіктерге жауап беруі тиіс қылмыскерлердің кім екені анықталмаған. Құқыққорғау органдары істі жылы жауып қойған.