Қажыларға көрсетілетін қызмет түрлері ұлғайтылады
|
Саудия билігі бірер күн бұрын жұқпалы індетке байланысты сақтық шараларының бірқатарын жойғанын, дәлірегі, карантиндік шараларынан бас тартқанын жариялаған болатын. Атап айтқанда, әлеуметтік арақашықтық сақтамауға, ауруға тест тапсырмауға болады, алайда, маска тағу әрі екпе салдыру міндетті. Пандемияға байланысты мұндай шектеу шараларының жойылуына орай қасиетті екі мешіт істері жөніндегі бас басқарма Мекке қаласындағы Харам мешітінде бірнеше аудармашы жұмыс істейтінін жариялады. Исі мұсылман қастер тұтатын киелі орындарда қажыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында аудармашылар қажыларға жөн сілтеп, кеңес берумен айналысады. Бұдан бөлек, Харам мешітінде 30-дан аса дінтанушы тәулік бойы қажыларға қажылық парызды өтеуге қатысты сауалдарға жауап беретін болады.