Өзбекстанда жабайы жануар асырайтындарға қатысты жаза енгізілді
|
KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев тиісті заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сонымен, Өзбекстанның Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексі жаңа баппен толықты. Өзгеріске сай, жеке тұлғалардың жабайы жануарды өзінің тіршілік ету ортасынан тыс жерде қамап ұстауына немесе асырауына жол берілмейді. Бұл талапты елемегендер 5-10 базалық есептік шама (90 доллардан 290 долларға дейін) көлемінде айыппұл арқалайды.
Егер заңсыз ұстап отырған жабайы жануар өзгенің денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірсе, онда айыппұл мөлшері 50 базалық есептік шамаға (1440 долларға) дейін артады.
Сонымен қатар, қаңғыбас жануарларды аулау міндетін орындамаған жауапты шенеуліктерге де жаза қолданылады. Жұмысына немқұрайлы қарап, салдарынан адам денсаулығына немесе мүлкіне залал келсе, онда лауазымды тұлғаларға 30 базалық есептік шама (870 доллар) көлемінде айыппұл салынады.
Айта кетейік, таяуда Өзбекстанда хайуанаттар бағындағы тордан шығып кеткен 3 арыстан күзетшіні талап өлтірді.
Бұған дейін хабарлғанымыздай, биылдан бастап Өзбекстандағы цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салынады.
Әлихан Асқар