Өзбекстан ерекше қорғалатын аумақтарға пластик әкелуге, сатуға және өндіруге тыйым салады
|
Өзбекстан республикасының экология, қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғатты қорғауға, демалуға жне сауығуға арналған аумақтарда, сондай-ақ, материалды мәдени нысандар орналасқан аймақтарда пластмассадан (табиғи органикалық полимерден жасалатын заттарды қоспағанда) бір жолғы пайдаланылатын бұйымдарды әкелуге, сатуға және өндіруге тыйым салатын ереже жобасын енгізді. Бұл жайында islam.kz порталы kun.uz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған талап «Өзбекстан республикасының кейбір заңнамалық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген. Ережені елемегендерге 2-ден 5 базалық есептік мөлшерге дейін (660 мың сумнан 1 миллион 650 мың сумға дейін), ал лауазымды тұлғаларға 5-тен 10 базалық есептік мөлшерге дейін (1 миллион 650 мыңнан 3 миллион 300 мың сумға дейін) айыппұл салынуы мүмкін). Ал қайталанған жағдайда азаматтарға 10-15 базалық есептік мөлшерге (3 миллион 300 мыңнан 4 миллион 950 мың сумға дейін), лауазымды тұлғаларға 15-тен 20 базалық есептік мөлшерге (4 миллион 950 мыңнан 6 миллион 600 мың сумға дейін) дейінгі шамада айыппұл салынады. Өрескел құқық бұзған азаматтарға 20-25 базалық есептік мөлшерге (6 миллион 600 мыңнан 8 миллион 250 мың сумға дейін), лауазымды тұлғаларға 25-тен 30 бзалық есептік мөлшерге (8 миллион 250 мыңнан 9 миллион 900 мыңға дейін) айыппұл салынады. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың теріс әсерін азайту мақсатында қабылданған заң 2026 жылдың маусым айының 1-нен бастап күшіне енеді.