Орталық Азияның айбаты кім?
Орталық Азияның айбаты кім?
3 жыл бұрын 2187

Орталық Азия елдері үшін жаңа саяси шындық қалыптасты. Тәлібтер 20 жылға созылған соғыстан кейін Ауғанстанды басып алды. Енді Орталық Азия елдерінде террористік ұйым деп табылған «Талибан» ұйымы Ауғанстанның тізгінін ұстауда. Бұл жағдай аймақ елдерінің әскери әлеуетін қайта бір тексеруге мәжбүрлеуде. 

Орталық Азиядағы бес мемлекеттің әскери әлеуеті әр түрлі. Бұл демографиялық және экономикалық мүмкіндіктермен тікелей байланысты. Аймақтағы күш балансы тең деуге келмейді. Аймақта Ресеймен бір әскери ұйымға мүше Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан бар. Сонымен қатар бұрын ҰҚШҰ-да болған, кейін одан шығып, «әскери ұйымдарға мүше болмау және өзге елдің әскери базаларын кіргізбеу» туралы заң қабылдаған Өзбекстан да осы аймақтың бір мүшесі. Ешқандай одаққа мүше болмау туралы шешім қабылдаған Түркіменстанды да ұмытуға болмайды.

Көптеген сарапшылар Өзбекстан әскерін аймақтағы ең қуатты санайды. Бүгінгі таңда құрамында 70 мыңға жуық сарбазы бар өзбек қорғаныс саласы үшін нағыз сынақ енді болуы мүмкін. Ауғанстан билігіне тәлібтер келгеннен кейін, ДАИШ содырлары Орталық Азияға өтуге талпыныс жасауы бек мүмкін. Әрине, ондай сәтте Өзбекстан содырларға жойқын соққы жасауға тырысады. Оған әлеуеті де жеткілікті. Себебі өзбек әскерінде 145 шабуылдаушы ұшақ бар. Ал Ташкент ІЖӨ-нің 4%-ға жуығын осы салаға бөліп келеді. 2020 жылы Өзбекстан қорғанысқа 1,4 млрд доллар бөлген. Өзбекстан әскерінің осал тұсы оның әуе қорғаныс жүйелері мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі дейді мамандар. Барлығы дерлік кеңестік кезеңнен қалған және модернизацияны қажет етеді. Жаңа жүйелер саны аз. Ал Ауғанстаннан кірген тікұшақты атып түсіру фактісі Өзбекстанның әуе қорғаныс жүйесін мықты деуге негіз бола алмайды. Соған қарамастан Мирзиеев билікке келе сала, аталмыш саланың олқылығын түзетуге күш салуда. Өзбекстан мен Ресей  2021-2025 жылдар аралығында іске асатын әскери саладағы әріптестік бойынша келісімге келді. Аталмыш келісім аясында Өзбекстанның әуе қорғаныс жүйесін дамыту шаралары да іске асатын болады.

Globalfirepower.com қорғаныс саласының рейтингін жасау жүйесіне сенсек, Өзбекстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Ол әлем елдері ішінде 51-орынды иемденген. Қазақстан бұл рейтинг бойынша 61-орында, Түркіменстан  86 орында, Қырғызстан – 93, ал Тәжікстан 99-орынды қанағат тұтыпты.

Қазақстан рейтинг бойынша Өзбекстаннан кейінгі екінші орында тұр. Алайда әскерге бөлінетін қаржы көлемінен әлдеқайда алда. Орта есеппен Қазақстан жыл сайын әскерге 4 млрд доллар ақша бөледі. Кей деректер бойынша 1 млрд доллар, алайда қорғаныс саласы қанша қаражат бөлетінін нақты айтпайды. Әскери құпия. Қазақстан әскерін модернизациялау іске асуда. Президент Тоқаев 2030 жылға дейін іске асуға тиіс жаңа әскери тұжырымдаманы бекітті.

Қазақстан тарихында алғаш рет әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспарланып отыр. Елдің орасан зор аумағын және шекаралардың ұзақтығын ескере отырып, әскери-көлік авиациясының күштері мен құралдарын жетілдіру арқылы әскерлердің мобильділігін арттыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, арнайы операцияларды орындайтын күштерді дамытуға баса мән берілген. Қоғамның барлық саласын цифрландыру шеңберінде Қарулы Күштердің кибер және ақпараттық кеңістіктегі іс-әрекеттер жөніндегі әлеуеті күшейтіледі.

«Қос мақсаттағы», яғни соғыс және бейбіт уақытта, соның ішінде төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қолданылатын компоненттерді дамыту жоспарланған. Ең алдымен, мұндай құрамдарға әскери медицина, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлері, инженерлік әскерлер, әскери-көліктік авиация жатқызылды.

Жауынгерлік әзірлікті арттыру, әскери бөлімдердің оңтайлы орналасуын, әскери инфрақұрылымның қалыптасуын, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті инфрақұрылымы бар кешенді әскери базаларды құруға біртіндеп көшу жоспарлануда.

Сондай-ақ әскери білім беру, мансаптық өсу, әскери қызметшілерді моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру, құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті нығайту, жастарға әскери патриоттық тәрбие беру шараларын жүзеге асыру көзделген. Қарулы Күштерді жарақтандырудың негізгі бағыттары белгіленген. Бұл отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені тарапынан қамтамасыз етілетін болады және кәсіпорындардың өндірісті барынша тиімді жоспарлауына мүмкіндік береді. Жалпы бұл Тұжырымдаманы іске асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін және әскери қауіпсіздіктің заманауи қатерлеріне қарсы даярлығын арттыруға және бейбіт уақыттағы міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.

Сонымен қатар Қазақстан әскерінің Орталық Азиядағы ерекшелігі қаржылық негізде қызмет ететін мамандардың көптігі, яғни келісімшарт негізінде қызмет атқаратын сарбаздар (контрактник) саны Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстырғанда көп. Мамандар келісімшарт негізіндегі сарбаздардың көптігі соғыс жағдайында өзінің артықшылығын көрсетеді деген ойда. Ол бойынша Ирактағы АҚШ сарбаздарының тәжірибесін келтіруге болады. Қазақстан 2023 жылдан бастап резервтік жүйедегі әскерді жасақтау және жылына екі мәрте үйрету тәжірибесін енгізуде. Бұл әскер санының артуын және ұрыс жағдайында сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда аталмыш өзгерісті енгізу үшін арнайы заңнама ұсынылуда.

Тәжікстан мен Қырғызстан әскерінің де рейтингі көңіл көншітпейді. Сәуір айындағы екі ел әскерінің қақтығысы рейтингтің тек құжат жүзінде ғана екенін аңғартқандай. Тәжікстан әскері рейтингте Қырғызстаннан 6 позиция төмен тұрғанына қарамастан, ұрыс даласында қырғыз әскерінен басымдау екені көрінді. Дегенмен көктемдегі қақтығыс екі елдің де әскери саласына жаңа қарудың ауадай қажеттігін көрсетті. Әскери модернизация жасауға Душанбенің де, Бішкектің де экономикалық әлеуеті жетпейді. Душанбенің қауіпсіздігін Ресейдің Орталық Азиядағы ең ірі әскери базасы қамтамасыз етуде. Тәлібтердің билікке келуі аталмыш базаның маңыздылығын арттыра түсетіні анық. Тәжікстанның бір ғана артықшылығы соғысқа қатысу арқылы тәжірибе жинаған мамандардың көптігінде болып отыр. 1992-1997 жылдар аралығында Тәжікстандағы азамат соғысына қатысқан әскерилердің басым бөлігі бүгінде Тәжікстанның қорғаныс саласында қызмет етеді. Талибан мен Тәжікстан арасындағы қарама-қайшылық тәжік әскерінің қуатын тез арада еселеуге итермелеуі тиіс.

Түркіменстан әскері Орталық Азиядағы рейтинг бойынша үшінші әскер. Ашхабад сыртқы жауға қарағанда өзінің ішкі тұрақтылығы үшін көбірек алаңдайды. Түркіменстан бейтараптық позицияны ұстанатындықтан, әскери қару сатып алу бойынша бірқатар маневрларға ие. Мысалы Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш болып түркиялық «Байрактар ТБ2» соққы жасаушы дрондарын сатып алды.

Орталық Азия елдерінің ішінде қай елге қай мемлекеттен қару сатып алатыны да маңызды. Қазақстан әскери техникасын Ресейден 85%, Еуропадан 6%, Украина 3%, АҚШ пен Израильдан 2,8% сатып алады. Қалғаны Канада, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея сынды елдерге тиесілі. Қазақстан қаруды өте аз сатып алатын елге Қытай кіреді.

Қырғызстан үшін басты орында Ресей тұр. Екінші орында ең қызығы Қазақстан жайғасыпты. Ал Қытай мен өзге елдер Қазақстаннан кейінгі позицияға жайғасқан.

Тәжікстан үшін бірінші орынды Ресей алады. Артынша Қытай, ал үшінші орынды Болгария алуда. Басқа мемлекеттердің үлесі өте аз.

Өзбекстанның қару сатып алудағы алғашқы үштікті Ресей мен Қытай, Франция тұр. Ташкент сонымен қатар Испания, АҚШ, Канада, Түркиядан да қару сатып алған. Алайда басымдық Мәскеу мен Бейжіңге берілген.

Түркіменстан аймақтағы Ресейден қару сатып алуды құп көрмейтін жалғыз ел. Ашхабад үшін қару сатып алуда бастапқы орында Түркия тұр. Артынша Ресей мен Қытай жайғасыпты. Украина мен Канада елдерінен де қару сатып алуды дұрыс санайды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір
Мұрағат