Оңшыл радикалдар мұсылмандарды дауыс беру құқығынан айырғысы келеді
|
Үнділердің оңшыл радикалды «Шив Сена» ұлттық партиясы елдегі мұсылман жамағатын дауыс беру құқығынан айыруды ұсынды. Бұл жайында The Hindu ақпарат көзі хабар таратты. Олардың сондағы келтірген уәжі: мұсылмандар электоратының даусын уәдені үйіп-төккенімен, нақты іске келгенде түк бітірмейтін қара ниеттілер пайдаланып кетеді-мыс. Аталмыш партияның атынан сайланған Санджай Раут (суреттегі – ред.) Акбаруддин және Асадуддин Увейси есімді ағалы-інілі мұсылман саясаткерлері өздерінің мұсылман екендіктерін алға салып, діни азшылықты құрайтын мұсылман жамағатының даусын өз мақсаттарына пайдаланып отыр. Санджай Рауттың айтуынша, бүгінгі таңда елдегі мұсылман жамағатының білім алу және денсаулық сақтау салаларында қағажу көріп отырғанын саяси мақсаттарына пайдаланып отырған көрінеді. Санджай Рауттың кей әріптестері оның бұл мәлімдемесін сынға алып, негізсіз екенін ашып айтты. Мәселен, Конгресс патриясының өкілі Сачин Савант ұлтшыл саясаткерді депутаттық мандатынан айырып, қызметінен босатуды ел конституциясындағы адам құқығына қайшы мәлімдеме жасағаны үшін талап етті.