Өлтірілген еврейлер майынан жасалған сабынды жерледі
|
Әлеуметтік желіде жерлеу рәсімі мен жер қойнына тапсырылатын сабынның фото-суреті пайда болды. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлемжелідегі, дәлірегі, Телеграмдағы «Еврейлерде не болып жатыр?» арнасында жарияланған хабарға қарағанда, оны соғыс жүріп жатқан Украинадағы босқын Израилге өзімен бірге ала келген. Ерекше жерлеу жөн-жоралғысы Құдыстағы мазарда өткен. Бұл өзгеше шараны «Хевра Кадиша» деп аталатын ұйым өткізген. Сабын сонау әлемге әйгілі, «Холокост» деген атпен тарихта қалған қанды қасап кезінде өлген еврейлер майынан жасалған. («Холокост» деген сөз грек тілінен аударғанда оттың көмегімен құрбандыққа шалу деген мағынаны білдіреді. Негізінде бұл сөз 1933-1945 жылдар арасында Гитлердің билік басына келуімен фашистердің 6 миллион жебірейдің (Еуропа жебірейлерінің 60 пайызы) көзін жойғанымен байланысты айтылады. Тұңғыш рет «холокост» термині АҚШ баспасөзінде 1960 жылдары Освенцим крематорийіне байланысты қолданылған – Уикипедия электронды анықтамадан). «Еврей дәстүрі бойынша сабын адам сүйектерінен жасалғандықтан көміп, каддиша оқу әдетке айналған», - деп жазды арна әкімшілері.