Өлім жазасы күрт көбейген
|
Сауд Арабиясында 2014 жылдың тамыз айынан үстіміздегі жылдың маусым айына дейін 175 адам өлім жазасына кесіліпті. Бұл жайындағы мәліметті Amnesty International ұйымының құқық қорғаушылары жайып салды. Биылдың өзінде, яғни, алты айдың ішінде бұл елде 102 адам өлім жазасына кесілген. Олардың арасында жасөспірімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Аталмыш ұйымның дерегіне қарағанда, өлім жазасына кесілгендердің көбісінің басы шабылған, қалғандары атылған. Жазалау рәсімі жергілікті тұрғындардың көзінше жүзеге асырылған. Тек кейбір жекелеген жағдайларда үкім сырт көзден оңаша жерлерде орындалған. Алайда, олардың жансыз денесі жұртшылықтың назарына ұсынылған. Amnesty International ұйымының өкілдері өткен жылдың тамыз айынан бері өлім жазасының күрт көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп отыр. Әрі ел билігіне де наразылы екендерін де жасырмайды. Бұл жайында The Independent ақпарат көзі хабар таратты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 1985 жылдан бері бұл елде 2,2 мыңнан аса адам өлім жазасына кесілген. Олардың жартысы – шетелдіктер. Айта кетейік, өлім жазасына кесу бойынша Сауд Арабиясы Ирак пен АҚШ-ты артқа тастаған. Қытай мен Ираннан кейінгі орында тұр. Айта кетейік, Сауд Арабиясында өлім жазасына гомосексуализммен шұғылданғандар, кісі өлтіргендер, есірткі саудасымен айналысқандар, педофилдерге, қарумен тонағандар, жұбайының көзіне шөп салғандар, террористер кесіледі.