|
Нигерия мен Сауд Арабиясы 7,7 трлн долларға бағаланған халал экономикасын дамыту туралы келісімге қол қойды
|
Нигерия Сауд Арабиясының халал өнімдерін әзірлейтін HPDC компаниясымен ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойды. Бұл келісім өз кезегінде аталған елді азық-түлік өндірісі, фармацевтика, қаржы салаларын және мал шаруашылығын қамтитын, құны 7,7 триллион доллар болатын халал экономиканың ірі ойыншысына айналдыруы тиіс. Бұл жайында islam.kz порталы Sunday Trust ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Саудияның Мекке халал форумында қол қойылған келісім инвестиция тартуға, нарыққа қол жеткізу немесе шығу мүмкіндігін кеңейтуге және екі ел арасындағы техникалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады. Аталмыш мәмілені Нигерия билігі ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы маңызды қадамға балап отыр. Бұдан бөлек, аталған келісім аясында қосымша жұмыс орындары ашылады. Бүгінде шариғат талаптарына сай әзірленген өнімді тек мұсылмандар ғана емес, мұсылман еместер кеңінен тұтынуға көшкен. Әсіресе, халал өнімдерге Тайланд, Бразилия, Австралия елдерінде сұраныс жоғары. Ислам қаржы мекемелері, соның ішінде Ислам даму банкі мен Африкадағы Араб экономикалық даму банкі бұл тараптағы әлеуетті арттыру, нормативтік-құқықтық базаны және қаржылық мүмкіндіктерді дамыту арқылы бастаманы қолдайтынын хабарлады. Мұндай мәміле Нигерияның тез өсіп келе жатқан исламдық қаржы секторына сүйенеді, дәлірегі, Африка құрлығындағы осынау мұсылман елі инфрақұрылымды қаржыландыруға арналған сукук облигацияларының және Jaiz Bank, Taj Bank және Lotus Bank сияқты исламдық банктерді құрудың арқасында үлкен табысқа жетті. Нигерия бұл бағыттағы жобалары халал индустриясының экономикалық әлеуетін арттырады, яғни, Нигериядан ислам ынтымақтастық ұйымының нарығына халал экспортының 2% -дан 6% -ға артуы елдің жалпы ішкі өнімін 540 миллион долларға өсіруі мүмкін, ал стратегиялық импортты алмастыру 2027 жылға қарай шамамен 1 миллиард доллар қосуы мүмкін екенін мәлімдеді.