Мысырлықтардың басына қара бұлт үйірілді
|
Эфиопияның сыртқы істер министрі Геду Андаргачеу Твиттер әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында елдегі ең ауқымды жобаның аяқталғанын жария етті. Бұл арада Африка құрлығында орын тепкен аталған елдің СІМ басшысы ауызға алған аса ауқымды жоба - Ніл өзеніндегі бөгесін турасында сөз болып отыр. Бұл жайында islam.kz сайтының сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынамыз. Эфиопия үшін көрші елдермен, соның ішінде, Мысырмен арадағы талас-тартысқа арқау болған аталмыш жоба екі елдің қарым-қатынасына терең сызат түсіреді. Мәселенің мәнісі сонда – жайқалып аққан Ұлы Ніл бастауын Танзания, Уганда және Кения арасында орын тепкен Виктория көлінен алады. Эфиопия, Мысыр және Судан елдері арасында жоғары деңгейде қаншама кездесу мен келіссіөздер өткізілсе де Эфиопия өз дегенінен қайтпай, көрші ақысынан гөрі өз қамын күйттеп кетті. Эфиопия кедей ел. Соған қарамастан 2011 жылы 4,6 млрд долларға бағаланған дамба құрылысын бастап кетті. Бұдан бөлек, Эфиопия дамбаны пайдаланып, электр стансасын салуды көздеп отыр. Өйткені, халқының 65%-ы электр энергиясымен қамтамасыз етілмеген. Мысыр үшін бұл бөгеттен келетін зауалды мынадай деректермен айшықтап беруге болады: Көгілдір Нілден жылына орташа есеппен алғанда 49 млрд текше метр су ағады, ал Эфиопия бөгетінен пайда болатын су қоймасындағы судың мөлшері – 74 млрд текше метр. Өздеріңіз сезіп отырған шығарсыздар – Мысыр мен Суданның қанша мөлшердегі судан айырылатынын... Аталған екі елдің ауыл шаруашылығы мен ирригация жүйесіне орасан зор залал келеді. Мысыр осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданды. Мысыр мен Эфиопияның бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірін қаралаған мақалаларды қарша боратып, ақпараттық майдан ашып жатыр. АҚШ, Қытай және Еуроодақ секілді әлемдік ірі ойыншылар да бұл талас-тартыстан тыс қалған жоқ, өйткені, олардың Африкада өз мүддесі бар: контрагент ретінде АҚШ Мысырға қолдау білдірсе, Қытай мен Еуроодақ Эфиопияның сойылын соғып отыр. Африкада қалыптасқан осынау күрделі ахуалды осы құрлықтағы содырлар шиеленістіріп жіберу қаупі бар. Көрші жатқан Сомалидегі «аш-Шабаб» лаңкестік тобы да, Синай түбегіндегі террористер де осы ахуалды пайдаланып қалудың түрлі жолдарын қарастырып, аймақтағы онсыз да шытынып тұрған тұрақтылықтың іргесін шайқауы мүмкін. Өз ықпалын орнату үшін. Бүгінде Мысыр Либиямен арадағы шекараға әскерін үйіп-төгіп жатыр. Тынышы қашқан Либиядағы азаматтық соғысқа тікелей араласпаса да одан сырт қала алмайтыны анық. Ұзындығы 1200 шақырымға созылып жатқан көрші Либиядағы саяси жағдайға байланысты қазіргі уақытта Мысырдың Эфиопияға соғыс ашуы екіталай. Эфиопия осы ұрымтал сәтті пайдаланып өздерінің ұлттық мүддесін батыл жүзеге асырып отыр. Мысыр есте жоқ ерте заманнан тағдыры Нілге байланған ел. Тіпті, мемлекет болып қалуы да осы Нілге байланысты десек, артық айта қоймаспыз. Таразының бір басында Мысыр, ал екінші басында Эфиопиядағы дамба тұр. Ніл тартылса, мысырлықтар көретін шығынды жұқпалы індет пен аштықтың салдарымен салыстыруға келетін шығар. Нілдің суы ортайса, Мысырдың басына күн туады. Қарт тарихтан бұған бірнеше мәлімет келтіруге болады. Тіпті, алысқа бармай-ақ, ислам қанатын кеңге жая бастаған кездегі жағдайды алайықшы: саңлақ сахабалардың бірі Амр ибн әл-Ас (р.а.) Мысырды бағындырған тұста халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жергілікті халық үшін Нілдің қаншалықты маңызды екенін біледі. Ніл өзеніне шектен тыс тәуелділік монополияның пайда болуына алып келеді. Ал бұл жағдай өз кезегінде бағаның шарықтауына апарып соқтырады. Халифа Омар Амр ибн Астан жергілікті халықтың жағдайын сұрап хат жазғанда мынадай жауап алған еді: аштық болмасы үшін Нілдің су деңгейі 14 шынтақтан (ежелгі ұзындық өлшемі – бір шынтақ ұзындығы 45 сантиметрден кем болмайды) төмен түспеуі тиіс. Саңлақ сахабаның халифаға берген жауабында мынадай мағлұматпен бөліседі: жергілікті халық Нілдің тасуы мен тартылуынан қорқады. Тартылса - құрғақшылық жайлайды, тасыса – егістікті су шайып кетеді немесе су астында шіріп қалады. Екеуінде де азық-түлік тапшылығы орын алып, аштық жайлайды. Тасыса, яғни, су арнасынан асу үшін 18 шынтақтан асады, ал тартылса, 12 шынтақ немесе одан төмен болса, тартылғаны деп білген. Тарихқа шегініс: 1200-1202жылдар аралығында (хижра жыл санауы бойынша 596-589 жылдары) Нілдің тартылуына байланысты азық-түлік бағасы шарықтап, адамдар қоңыз теріп кетеді. Аштықтан бас сауғалаған мысырлықтардың дені Шамды бетке алғанымен жол-жөнекей аштан шыбындай қырылады. Тарихшы әл-Макризидің дерегіне сенсек, аштықтан адамдар бір-бірінің етін жеуге дейін барған. Эфиопиядағы дамбаның кесірінен мысыр аумағындағы ауыл шаруашылығына жарамды жердің 4 млн феддан (мысырлықтардың жер өлшемі; Фаддан (феддан) (араб. فدّان, faddān) — 19-шы ғасырдың басына дейін = 400 касаб = 6368 м²) алқаптан айырылады. Бұдан бөлек, жерасты суы 3 метр тереңдікке дейін қашады. Sky News Arabia деп аталатын ақпарат көзіне 2014 жылы осы төңіректі сұхбат берген сол кездегі Мысырдың ирригация және су ресурстары министрі Мұхаммед Аламның айтуынша, елдегі балық шаруашылығы да қатты зардап шегеді: балық аулайтын фермалардың 75%-ы жабылып, тарқап тынады. Мысырдағы су ресурсы 55 млрд текше метрден 30 млрд текше метрге дейін азаяды. Осы орайда сарапшылар Мысыр мен Эфиопия арасындағы 1993 жылғы Ніл суына қатысты декларацияның заңдық күші жоғын алға тартып отыр. Эфиопиядағы аталмыш жобаның 2011 жылы қолға алынғанын айтып кеттік басында. Эфиопия билігі 2011 жылы орын алған саяси толқулар мен ішкі наразылықтарға байланысты мсырлықтардың басымен қайға болған жағдайын пайдаланып, өздері «Эфиопияның ұлы жаңғыру бөгеті» атап кеткен әлемдегі аса ірі бөгеттердің бірінің құрылысын бастады.
Мұрағат