Мұсылман елі ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығарудан әлемде көшбасшы атанды
|
Түркия - әлемдегі ұшқышсыз ұшақтар ең ірі өндіруші елге айналған. Түркия бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттары бойынша халықаралық нарықтағы аса ірі ойыншы ретінде алға шыққан. Америка құрама штаттарының ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясатты зерттеумен және талдаумен айналысатын Уашингтондағы «Жаңа американдық қауіпсіздік орталығы» тәуелсіз, үкіметтік емес ұйымы осындай қорытындыға келді. Бұл жайында islam.kz порталы Sabah мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы зерттеу 1996 жылдан 2023 жылға дейінгі дрондардың жаһандық өндірісі мен саудасының динамикасын қамтыған. Сарапшылардың пікірінше, Израил мен АҚШ ұшқышсыз ұшақтар нарығындағы көшбасшылығын әлдеқашан жоғалтып, Түркия, Иран және Қытайдың өнімдеріне жол беріп отыр. Яғни, Түркия, Иран және Қытай халықаралық дрондар нарығынан АҚШ пен Израилді ығыстырды. «Түркия мен Қытайдың ұшқышсыз ұшатын аппараттардың әлемдік нарыққа шығуы жаһандық қару-жарақ саудасының күрт өсуіне әкелді», - делінген хабарламада. 2018 жылдан бастап халықаралық БПЛА нарығындағы Түркияның үлесі 65%-ға, Қытайдікі 26%-ға жеткен, ал АҚШ - 8%-дан аспай қалған. Осы аталған үш елдің ұшқышсық ұшу аппараттары әлемнің 40 еліне жеткізіледі. 2022 жылдан бері тағы алты елдің Түркиядан Bayraktar TB2 әскери ұшқышсыз ұшақтарын сатып ала бастағаны айтылған хабарламада. Зерттеу авторлары Түркияның дрон экспортының шамамен 40%ы Еуропа еншісінде екенін атап өтті.