Мұсылман елі Илон Масктың әлеуметтік желісіне тыйым салады
Мұсылман елі Илон Масктың әлеуметтік желісіне тыйым салады
16 сағат бұрын 181 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті. Фото: cometapi.com

Индонезияның байланыс министрлігі Илон Маскке тиесілі Х (бұрынғы Твиттер) әлеуметтік желісін және Grok жасанды зерденің чат-ботын бұғаттауға ден қойып отырғандарын хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Arab News агенттігіне жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы ел билігі мұндай қадамға аталған әлемжелі мен чат-боттың әйелдер мен балаларды қораш, қор етіп бейнелейтіні себепті барып отыр. Grok пайдаланушыларының сұрауына жауап ретінде нақты, мірде бар адамдардың фотосуреттерін түрлендіріп, оларды киімсіз, тіпті, лыпасыз жалаңаш бейнелеген. Тренд әлеуметтік желілерде өрбіп, қауіпсіздікке қауіп төндіре бастады. Байланыс министрлігі жүргізген тергеу Grok-та индонезиялық азаматтардың нақты фотосуреттері негізінде анайы контенттің жасалуы мен таралуына жол бермейтін функциялардың жоқ екенін көрсетті. Бұл функция жаңарту желтоқсан айында енгізілгеннен кейін бағдарламада пайда болды. Бұл тараптағы талдау нәтижесі көрсеткендей, желтоқсан айының 25-нен қаңтардың 1-не дейін, яғни, айналдырған бір аптаға жетер-жетпес уақытта Grok-та 20 000 сурет жасалған, олардың 53% -ында тек лыпасы бар адамдар бейнеленген. Индонезияда анайы материалдарды жасауға  және таратуға қатысты заң талаптары қатаң, осындай контентті қамтитын сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақтар бірден бұғатталады. «Келіспеген немесе ынтымақтастық болмаған жағдайда байланыс министрлігі әкімшілік санкциялар қолдануы мүмкін, оның ішінде Grok АИ-сервисіне және X әлеуметтік желісіне қол жеткізу жолдаарын жаба тұруы мүмкін», - деп айтылған хабарламада.

0 пікір
Мұрағат