Мұсылман елі аймақта криптоиндустрия орталығына айналуды көздейді. Бұл талпынысы қаншалықты сәтті болмақ?
|

Оңтүстік-шығыс Азия аймағы бойынша криптоорталыққа айналуды алдына мақсат етіп қойған Индонезия өңірдегі цифрлы актив технологиясының қарқынды дамуына байланысты өзінің позициясын нығайтып келеді. Алайда, сонымен қатар, цифрлы активке қатысты белгілі бір қауіп-қатермен де бетпе-бет келіп отырған жайы бар. Бұл жайында islam.kz порталы cryptonews.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Смарт-келісімшаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған Beosin компаниясының зерттеу нәтижесіне сәйкес 2017-2025 жылдаи аралығында елдің нарығы жаңа пайдаланушылармен толыққан. 20 мыңнан аса ончейн мекен-жай мен биржаның 800 мың депозитті әмиянын талдау нәтижесінде заңсыз транзакциямен және санкцияға ілінген платформалармен байланысты негізгі қатерлер анықталған. Ethereum және Tron желілерінде криптовалютаны пайдаланушылардың өскені байқалып отыр. Бұл жайт криптонарықтың тұрақталғанын және трейдерлердің артықшылықтарының біртіндеп өзгергенін көрсетеді. Дегенмен, қаражаттың едәуір көлемі секторда айналымын жалғастыруда, бұл фактор Индонезияны Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі саланың маңызды ойыншысына айналдырған. Негізгі қауіп-қатердің біріне көлеңкелі экономикамен байланысты транзакциялар жатады. Аталған мерзімде құмар ойындар қызметін ұсынатын платформалар арқылы шамамен 50 млн доллар өтіп кеткен. Мұндай 24 мыңнан аса аударым жасалған. Ал бұл қаржыны жымқыру қатерін арттырады әрі қаржы айналымын бақылауды қиындатады. Тағы бір қатерге санкцияға ұшыраған платформалар қызметін жатқызуға болады. Beosin мәліметінше, мұндай платформалардан 200-дей мекен-жай қатысқан жалпы сомасы 5,6 млн доллар болатын 600-ге тарта транзакция жүзеге асырылған. Негізі мұндай платформалар заңсыз саналатындықтан осы платформалар арқылы ақша аударғандар қаражатынын айырылу қатері жоғары әрі заң алдында жауап беруіне тура келеді. Міне, осындай қауіп-қатермен бетпе-бет келген Индонезия билігі криптоиндустрия мен ашықтықты қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың жолдарын іздестіруде. Криптоиндустрияның дамуы ел билігінің бұл саланы реттеу қабілетіне байланысты.