|
Мина жазығындағы қыспақтан аман қалған қажылардың таңғаларлық оқиғалары
|
Қажылық маусымы да аяқталып, қасиетті мекенге аттанғандар өз отандарына қайтып та оралды. Жазмыштың жазуы сол болар, биылғы жылы мыңдаған жан Мина жазығында жан тапсырып, қасиетті мекеннен топырақ бұйырды. Жарақат алып, корольдік ауруханаларында жатқандардың саны қаншама десеңізші!
Дегенмен, сол қайғылы апаттан аман-есен құтылған қажылардың қызықты оқиғалары да күн санап анықталып, адасқандар бір-бірімен қауышуда. Сондай оқиғалардың бірінде қыспақта қалған мұсылман әйелінің бар күшін жинап қолындағы баласын жақын жердегі күркелердің біріне қарай лақтырып жібергені айтылады.
«Ол бізден алыстау жерде болды. Сосын баласын бізге қарай лақтырып үлгерді. Қазір бала аман-есен. Есімі Ибрахим екен», – дейді дәл сол уақытта күркеде болған мысырлық қажылар. «Біз оның сәбиін қалай аман алып қалмақ болып жанталасқанын көзіміз көрдік. Ол,тіпті, дем ала алмай, тұншығу үстінде еді. Бір кезде бар күшін жинап, баласын бізге лақтырды да оған қамқор болуымызды сұрады».
Олар баланы уатып, тамақтандырып болғаннан кейін оның анасын іздеуге кіріседі. Алайда, сәби анасы табылмайды. Ал, ертеңіне оларды Ибрахимның ағасы іздеп тауып, сәби өз отбасына оралады. Ал, сәбидің анасының да көрер жарығы бар екен, қазіргі кезде алған жарақатына байланысты ауруханада жатқан көрінеді.
Минадағы кептеліс кезіндегі қыспақтан аман қалғандардың енді бірі – пәкістандық 48 жастағы Алямзеб Хан. Ол тек өзін ғана құтқарып қоймай, мүгедек арбасында отырған әйелін де аман алып қалған. Дүрбелеңнің басталғанын дер кезінде байқаған ол әйелін арбадан шығарып алып, жақын жерде тұрған темір қоршаудың үстіне шығып үлгерген.