Мерзімі өткен азық-түлік өңдеуге жіберіліп, кәдеге жаратылатын болды
Мерзімі өткен азық-түлік өңдеуге жіберіліп, кәдеге жаратылатын болды
5 жыл бұрын 3990 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерацмясының өнеркәсіп-сауда министрлігі ысырапшылдыққа жол бермейтін, дәлірегі, мерзімі өткен азық-түлікті қайта өңдеуге жіберу жөніндегі заң жобасын әзірледі. Мәселен, жануарларға арналған азық дайындау үшін мерзімі өткен азық-түлік шикізат ретінде пайдаланылады. Бұл жайында «Известия» мерзімді басылымына сұхбат берген аталмыш министрлік жетекшісінің орынбасары Виктор Евтухов мәлім етті. Бөлшек сауда компанияларының қауымдастығы келтірген дерекке қарағанда, РФ аумағындағы ірі сауда желісі жылына шамамен 700 мың тонна азық-түлікті қоқысқа тастайды. Осыған байланысты аталмыш министрлік азық-түлік қалдықтары мен қайта өңделетін материалды ресурстардың айналымын реттейтін бірыңғай құқықтық база қалыптастыруды көздеп отыр. Мерзімі өткен азық-түлік түрлері қайта өңдеуге жіберілмес бұрын алдымен оның жарамдылығына, яғни, қауіпсіздігіне, зиянсыздығына қатысты сараптамадан өткізіледі. Бұл шара өз кезегінде, сонымен қатар, күн тәртібінен түспей тұрған, күллі әлемнің бас ауруына айналған қоқыс мәселен шешуге де көмектеспек. Ресурсты үнемдеу арқылы. Виктор Евтуховтың айтуынша, дүкен сөрелерінде сатылмай тұрып қалған, яғни, мерзімі өткені олардың автоматты түрде жарамсыздығын білдірмейді. Оларды жануарларға азық ретінде қайта өңдеуге болады. Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы алға тартқан мәлімет бойынша күллі әлемде жылына тағамның 30%-ы (шамамен 1,3 млрд тонна) желінбей қоқысқа тасталады. Өнеркәсібі дамыған елдерде тағам қалдықтарының құны 700 млрд долларға жетіп жығылса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш 300 млрд долларды құрайды. Бүкілә әлемдік банктің болжамы бойынша табысы орташа елдерде тағам қалдығының мөлшері 2025 жылға қарай 50%-ға жетпек. Мәселен, бір ғана Ресей аумағында жыл сайын 50-55 млн тонна қатты коммуналдық қалдық пайда болса, соның 12-19 млн тоннасын тағам қалдықтары құрайды. Бұл жағдай тек Ресейдің басында ғана бар десек, қателесеміз. Әлемнің барлық елінде кездеседі. Ресейліктердің бұл тәжірибесі өзгелерге ой салса, үлгі болса, қане. 

0 пікір
Мұрағат