Криптовалютамен жасалған кез келген операция заңсыз деп танылды, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады
Криптовалютамен жасалған кез келген операция заңсыз деп танылды, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады
3 жыл бұрын 2440 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Қытайда криптовалютамен жасалған кез келген транзакция заңсыз деп танылды. Бұл жайында islam.kz порталы CoinDesk ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай халық республикасының жоғарғы халық соты цифрлы активтермен байланысты кез келген транзакцияны «заңсыз ақша жинау» ретінде жіктеп, қаулы қабылдады. Бұл шара өз кезегінде электронды валютамен кез келген операцияны жүзеге асырған тұлғаны заңмен қудалауға, дәлірегі, қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол ашады. Негізінде аталған ел аумағында криптовалюмен байланысты кез келген операцияға 2021 жылдың қыркүйек айында тыйым салынған болатын, алайда, жаза қолдану процедурасы қарастырылмаған еді. Ендігі жерде Қытайдың жоғарғы сотының бұл тараптағы шешіміне сәйкес жазаның ауырлығы криптовалютамен жасалған транзакцияның ауқымына байланысты белгіленеді, десе де бір анығы – мұндай қадамға барғандар, дәлірегі, криптовалютамен байланысты транзакцияның үлкен-кішісіне қарамастан жазадан құтылып кете алмайды. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, күдікті Қытайдың қылмыстық кодексінің 176-шы бабына сәйкес заңмен қудаланады – 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жаазасы қарастырылған және айыпты тұлғаға 7900-дан 79 000 долларға дейін (ауырлығына қарай) айыппұл салады. Қылмыстық кодекске енгізілген түзету осы жылдың наурыз айының 1-нен бастап қолданысқа енді. Қытай билігінің бұл қадамын криптовалютаны қолданысқа енгізуді қолдайтын, әлемге әйгілі Tesla компаниясының жетекшісі Илон Маск электр энергиясының ел аумағында сөніп қалуымен, дәлірегі, электр энергиясының жұты саналатын майнингтік фермалардың әрекетіне тоқтау салу мақсатымен байланыстырып топшылаған болатын. Ал Қытай билігі мұндай шараға криптовалютамен байланысты операцияларды бақылаудың қиындығына байланысты, салықтан жалтаруға,  террористерге демеуілік көрсетуге, қаржы жымқыруға қолайлы болғандығы үшін барып отырғанын мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, Қытай билігінің ұлттық валютасының цифрлы нұсқасын дамыту үшін криптовалютаны пайдалануға тыйым салғанын алға тартады сарапшылар. Тегінде Қытай технологияның осы заманғы озық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану  әрі көш соңында қалып қоймау үшін криптовалюта пайда болған сәттен бастап электронды ақша жобасын қолға алған болатын. Тіпті, 2011 жылы биткоиннің пайда болғанына екі жылдан соң ел аумағында алғашқы криптовалюталық биржа aшылған еді. 2016 жылы Қытай бұл салада маңызды ойыншыға айналды. Алайда, уақыт өте келе, дәлірегі,  криптовалютамен байланысты жобаның шикілігінен зардап шеге бастаған соң 2017 жылдан бастап онымен күресуіне тура келген еді. Дәлірегі, елдегі криптобиржалардың барлығын жауып тастады. Бұған қоса, осы жылы майнингке де тыйым салды. Дегенмен Қытай билігінің криптовалютамен күресі цифрлы юан  жобасымен жаңа белеске көтерілді. 2020 жылы цифрлы юан азаматтардыңң электронды әмиянына түсе бастады. Цифрлы валютаны Қытай халық банкі шығарады. Пайдаланушылар QR-кодты немесе өзге де төлем құралдарын пайдалана отырып, есеп айырысуға көшті. Қытай билігінің ресми мәліметіне қарағанда, 2021 жылдыңң маусым айына таман шамамен 20 млн цифрлы әмиян жасалған цифрлы  юан үшін. Ал бұл саладағы мәміле мөлшері 34,5 млрд юанды (5,3 млрд доллард) құраған.

0 пікір
Мұрағат