Кешігуді жек көретін ұлт қайсы?
Кешігуді жек көретін ұлт қайсы?
8 жыл бұрын 3212 Stan.kz

Швейцариялықтар өздерінің дәлдігі мен қоғамға пайдалылығынан рахат табады.

Мемлекет тұрғындары көршілес Италия мен Францияға қарағанда, өміріндегі не нәрсенің болмасын өз уақытында орындалғанынан шынайы ләззат алады.

Егер адамдар сағат екіде кездесуге келіссе, уағдаласқан жерге сағат тілі тура екіні көрсеткенде келеді.

Әлемдегі ең үздік сағаттың Швейцарияда жасалуы да кездейсоқтық емес.

Бұл дәлдік немен түсіндіріледі? Оны ешкім нақты білмейді. Алайда, әйгілі тұжырым бойынша, оған таулы аймақтағы егін шаруашылығының қателікті кешірмейтін қатаң шарттары сеп болған.

Не егінді уақытылы салып, жинап аласың, не аштан өлесің. Оған қарсы ештеңе де жасай алмайсың.

Өкінішке орай, әлемнің көптеген елінде дәлдік қасиеті жойылып бара жатыр. Бір жағынан, оған ұялы телефондар да кінәлі. Адамдар уағдалы жерге уақытылы келуге тырыспайтын болды, себебі қашан да болсын бірнеше минутқа кешігетініңіз жайлы хабарлама жібере аласыз.

Женевада 11 жыл тұрған америкалық жазушы Сьюзен Джейн Гилман «мұндағы таксилердің еш уақытта кешікпегенін, әрқашан белгіленген уақытта келетіні» жайлы асқан қуанышпен айтады.

Ол әлі күнге дейін ненің де болмасын дәл уақытында орындалатынына таңданады. Мысалы, тоңазытқышқа тапсырыс берсеңіз, оны екі сағат ішінде жеткізуге уәде береді. Тауарды жеткізушілер айтылған уақыт ішінде келіп, бір минутқа да кешікпейді.

Швейцария оның мінезін де өзгерткен. Өмір бойы кешігіп жүруге дағдыланған Гилман уақытқа мұқитпен қарайтын болған. «Мен өзгенің уақытын бұрынғыдан да артық бағалай бастадым»,- дейді ол. Оның орнында кез-келген швейцариялық та дәл осылай айтар еді.

Алайда, тиынның екінші беті бар, жазушы туған қаласы Нью-Йоркке оралғанда, ондағы адамдардың уақытқа немқұрайлы қарайтыны ашуын келтіретін болған. Бірде автобус 15 минутқа кешігіп жетсе (кейде мүлдем келмейді), бірде мейрамханада күткен достарың жарты сағат күттіреді.

Дәлдіктің де өз кемшіліктері бар. Мысалы, ол абыр-сабырға сеп болады. Швейцария қалаларындағы кофеханалар күнделікті сағат төртте адамға лық толады. Себебі, дәл сағат төртте барлығы кофе ішу үшін үзіліс жасайды.

Сонымен қатар, шектен тыс дәлдік ұдайы әлденені күтуіңізге сеп болады. Ал күткеніңіз орындалмаса, кімнің де болсын түңілері анық.

Ара-тұра кей жерлерде ақау орын алатын жағдайда швейцариялықтар ашуланып, мазасыздана бастайды.

Десе де мазасызданудың да өз себебі бар. Себебі, дәлдік тұрғысында Швейцариямен бәсекелесетіндер де аз емес.

Айталық, аса жоғар жылдамдықпен жүйткитін жапониялық «Синкансен» поездарымен салыстырғанда швейцариялық темір жол көліктері үнемі кешігетіндей көрінеді. Күншығыс елінде поездардың кестеден ауытқуының жылдық орташа мөлшері 36 секундты құрайды.

Германия мен Оңтүстік Кореядағы сияқты Жапонияда да кездесуге кешігіп келу әдепсіздік болып саналады. Өзге елдерде белгіленген кездесу уақытына еш қобалжымастан 30 минутан бірнеше сағатқа дейін уақыт қосуыңызға болады.

Тұрғындары уақытқа немқұрайлы қарайтын мемлекеттер тізіміне халқы той-думанға 2-3 сағат кешігетін Қазақстан да енген.

Нигерияда той күндізгі бірге белгіленсе, оның екіде не одан кейін басталуы да ғажап емес. Сауд-Арабиясында жарты сағатқа кешігудің әбестігі жоқ, алайда, олар кездесу барысында сағатқа қарауды әдепсіздік деп біледі. Ал Бразилияда сізге «Ағылшын уақыты» деген кодты тіркес айтылса, кездесуге дәл уақытында келуге тиіссіз.

0 пікір
Мұрағат