Кедейлікпен күресуге 500 млн долларға жуық қаржы бөлді
|
Бүкіл әлемдік банк Ауғанстанға кедейлікпен күресуі үшін 500 млн долларға жуық қаржы бөлді. Бұл қаражат босқындарға көмектесуге, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға шағын несие түрінде беруге, ауылдық жерлерде инфрақұрылым салуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Нақтырақ айтқанда, жол төсеуге 100 млн-дай, электрлендіруге 60 млн, босқындарды қолдауға 44 млн-нан аса, қалалық жерлердің дамуына 20 млн, астық сақтау қоймаларын толтыруға және күтіп ұстауға 20 млн-дай доллар қаражат жұмсалады. Ауғанстанның қаржы министрі Еклил Хакім сырттан келетін бұл қаражаттың мақсатына қарай жаратылатынына сендіріп отыр. Өйткені, бұл елдегі қолында азын-аулақ билігі барлар мен қазан құлағын ұстағандар сырттан келетін гуманитарлық және басқа да қаржылай көмекті өздерінің қарақан бастарына жаратып жібергені әшкере болған еді.