Кедейлік қамытынан құтылмаған 750 млн адам бар...
Кедейлік қамытынан құтылмаған 750 млн адам бар...
6 жыл бұрын 3447 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Біріккен Ұлттар Ұйымының "Мың жылдық даму мақсаты" атты әлемдегі кедейлікпен күресуге арналған бағдарламасының қабылданғанына табаны күректей 15 жыл өтіпті. Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен қарыштап дамып келе жатқан технология заманында тым ұзақ мерзім. Кедейлік шегіне күніне 1,90 долларға күн көрісті жатқызып жүр. Осы есеппен алғанда 2000 жылдан бері әлемдегі кедейлер қарасы 27%-ға кеміген екен. Яғни, едәуір азайғанын байқайсыз. 2016-2018 жылдар аралығында әлем бойынша 83 млн адам кедейлік қамытынан құтылған. Алға қойылған  2030 жылға дейінгі мақсат орындалуы үшін әлі 120 млн адам кедейлік қамытынан құтылуы тиіс. Бір қызығы, кедейлік қамытынан құтылып жатқандардың дені енді еңсе көтеріп, дамудың даңғылына түсіп жатқан елдерден. Мәселен, Қытай (кезінде бұл турасында кеңінен жазғанбыз). Бір өкініштісі, кедейлікпен күресуді кейбір елдер екінші орынға ысырып қойған. Мәселен, Мали тұрғындарының 86%-ы 1990 жылдары күніне 1,25 долларды қанағат еткен. Кедейлік қамытынан құтылмағандар қарасы ең көп елдердің бірі. Салыстыру үшін алсақ, Эквадордың өзінде 1990-шы жылдары ел тұрғындарының бар-жоғы 7%-ы ғана күніне 1,25 доллармен күнелткен екен. Африка құрлығына қарағанда Азияда кедейлікпен күресуде жетістікке жеткен елдер көп. Әлемдегі ең кедей 28 елдің 27-сі Африка құрлығында. Әрбірден соң аталған құрлықтағы елдердің әрбіреуіндегі кедейлер қарасы 30 пайыздан кем емес. 2030 жылға дейін де жағдай өзгермейді. Сахара шөлінің оңтүстігіндегі елдер бойынша 300 млн-нан аса адам кедейлік қамытынан құтылмайды. 

Бұл дерек Оңтүстік-шығыс Азиядағы халықаралық еңбек ұйымының кластер жетекшісі, Куала-Лумпур қаласында орын тепкен Малайя университетінің даму экономикасының профессоры Мұхаммед Нияз Асадулланың мақаласынан ықшамдалып алынды. Әзірлеген: islam.kz

0 пікір
Мұрағат