Жыл сайын әлемде он мыңнан астам лаңкестік оқиға тіркеледі – Е.Қарин
|
Жыл сайын әлем бойынша он мыңнан астам лаңкестік оқиға тіркеледі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Ұлттық Ұланның Бас қолбасшылығында өткізген «Терроризм қауіп-қатері: халықаралық және аймақтық аспектілер» атты тақырыптағы дәрісінде айтып өтті.
«1990 мен 2000 жылдар арасында әлем бойынша жасалған жалпы лаңкестік оқиғалар саны 500-600 аралығында ғана орын алды. Керісінше, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-тағы оқиғадан соң жыл сайын лаңкестіктің үлесі жоғары қарқынмен артып келеді. Мәселен, 2004-2005 жылдары оның үлесі күрт артқаны байқалды», дейді Ерлан Қарин.
2003 жылы Иракқа АҚШ әскері басып кіргелі Азия елдерінде лаңкестік оқиғалар толастамай отыр. Мәселен, 2014 жылы әлем бойынша 14 мың осындай жайт тіркелген.
«2014 жылы әлемнің 95 елінде болған ғаламдық терроризмнің 60 пайыздық үлесі Ирак, Сирия, Ауғанстан, Үндістан, Нигерияға тиесілі. Бұрын мұндай жайттар Солтүстік Кавказ аймағында жиі орын алатын», дейді Ерлан Қарин. Стратегиялық зерттеулер институтының директоры дәрісінде ИГИЛ-дің қанатын кеңге жайып келе жатқанын тілге тиек етті. Мысалы, Сирия соғысы басталғалы олардың Ирак пен Сирия арасындағы аумағы кеңейе түскен.
«Араб көктемі шарпыған Сирияда мен Ирак секілді елдерде тіркелетін лаңкестік оқиға мыңдаған адамның өмірін қиюда. Қазір Сирия тек өз жерінің 15-20 пайызға ғана билігін жүргізе алып отыр. Ал ИГИЛ-дің қатарына содырларды тарту қарқынды жалғасып жатыр. Олар әлеуметтік желі арқылы өткен жылдың алты айында он мыңнан астам парақша ашып, өзінің насихатын жүргізуде», дейді Е.Қарин.