"Жұмсақ күш" тактикасы мен стратегиясы
|
Бірден айта кетейік, кейінгі кезде әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданылатын "жұмсақ күш" термині қытайларға қарата айтылған. Дәлірегі, Қытайдың соңғы уақытта әлемдегі ықпалының артуына байланысты жиі айтылатын бұл сөздің түп-төркінінде Қытай дипломатиясының барынша жетілдірілген өзіндік ерекшелігі жатыр. "Жұмсақ күш", былайша айтқанда, ауыртпай жаныңды алатын күш десек, артық айта қоймаспыз. "Жұмсақ күш" - мәдениет, "халық дипломатиясы", БАҚ және бір қарағанда зиянсыз көрінетін қарым-қатынас. Халықаралық қатынас теориясына бұл терминді америкалық саясаттанушы Джозеф Най-кіші енгізген болатын. 1990-шы жылы. Ол бұл ұғымның аясына мемлекет мәдениетін, әскери емес тетіктерді, аталған жүйе құндылығының тартымдылығын енгізген болатын. "Әлемде судан әлсіз әрі нәзік нәрсе жоқ, алайда, ол ең қатты деген заттың өзін тас-талқан етеді" деген әлемге әйгілі қытай ойшылы Конфуцидің сөзін басты ұстанымына айналдырған қытайлар ақырын жүріп, анық басып, әлемдегі алып державалардың өзін шаң қаптырып кетті. Ұрыссыз, соғыссыз. Естеріңізде болса, қарқынды даму даңғылына түскен Қытай өз арнасына сыймай, әлемді бағындыра бастағаны турасында талай талдап жазған едік: соңғы уақытта АҚШ бастаған сауда соғысы да түптеп келгенде Қытайды жасқап қоюға бағытталғанын айта кеткенбіз. Естеріңізде болса, осы тұста "Мүмкіндігіңді жасыр, өзіңді тасада ұста" деп аталатын мақаламызда бұл жайында азды-көпті айтып өткенбіз:
Ұзақ жылдар бойы Қытайдың сыртқы саясаты «таогуан янхуэй» - "мүмкіндігіңді жасыр, өзіңді тасада ұста" деп аталатын бағдардан ауытқымай келді. Бұл тактика өз-өзін ақтады десе де болады. Алыстан көздеп, ақырын жүріп, анық басатын қытай саясаты кейінгі кезде ғана ғой белсенді әрекетке көшкені. Оның өзінде қолында шоғырланған мол капиталын әлем нарығына шығару үшін, яғни, өзге аумақта мүддесін қорғау үшін, амал жоқ, белсенді әрекетке көшуіне тура келіп отыр. Олай етпесе, әлемдік нарықтағы үлесінен қағылмақ. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, 2018 жылы Қытай АҚШ бастаған сауда соғысында өз әлеуетін көрсетуіне тура келіп отыр. Шабуылды алдымен бастаған басқа ел. Тойтарыс беру керек болғандықтан үнсіз қалу мүмкін емес еді. Жақша ішіне алып айта кетеріміз, биыл тұңғыш рет Қытай жетекшісі Ресей Федерациясы президентін "шаң қаптырып кеткен" - әлемдік тұлғалар мен ауқаттылардың рейтингісін түзуді дәстүрге айналдырған Forbes тізімі бойынша. The World’s Most Powerful People жаһандық рейтингте ең ықпалды тұлғалардың, дәлірегі, салмағы ауыр саясаткерлер арасында көш бастаған Си Цзиньпин түптеп келгенде кезінде қытай реформасының атасы Дэн Сяопин сызып беріп кеткен «таогуан янхуэй» бағдарынан ауытқымайды. Өйткені, бұл бағдар өзінің өміршеңдігін, өзектілігін талай рет дәлелдеп берген болатын. Тарихқа сәл шегініс: Қытай АҚШ-тың әлемді жеке-дара билеп-төстеуіне жол бермесі үшін КСРО-мен жақындасуға күш салған ел. Алайда, КСРО күйреген соң Қытай бірден саяси белсенділігін тыйып, табаны күректей 20 жыл бойы халықаралық саясатта үнсіз қалды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі, ядролық держава, өркендеген экономикасы бар ел бола тұра өз-өзін тежеп ұстады. Тек өзінің іргесіндегі әрі тікелей мүддесі бар Оңтүстік-Қытай теңізіндегі, Тайвандағы жағдайларда ғана АҚШ-тың килігуіне жол бермесі үшін айбат шеккені болмаса. Ал қалған жағдайларда, мәселен, Саддам Хұсейннің диктаторлығы, Иранның ядролық бағдарламасы, т.б. өзіне қатысы шамалы халықаралық талас-тартыста тасадан бақылаудан ары аспады. Былайша айтқанда, АҚШ бастаған батыс елдерінің халықаралық саясаттағы қадамдарына іштей наразы болғанымен бейтарап қалды. Бұл бейтараптық өз кезегінде Қытайдың ішкі мәселесін, айталық кедейлікті жою, экономиканы дамыту, т.б. шешіп алуына мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қытай аса ірі жетістіктерге қол жеткізді. Мол капиталын айналымға жіберу үшін өз аумағынан тыс жерлерде мүддесін қорғауы тиіс. Ендігі жерде Қытай қол қусырып, қарап отыра алмайды.
"Жұмсақ күш" қазіргі Қытай билігінің сыртқы саясаттағы басымдық беріп отырған позициясы. Қытай коммунистік партиясының бас хатшысы Ху Цзиньтао 2007 жылы болып өткен XVII сьезде "жұмсақ күштің" маңыздылығына тоқталған болатын. Әлемде күннен күнге өршіп бара жатқан синофобиядан қауіптенген Қытай билігі осылайша өз ықпалын арттырудың қамына кіріскен еді. Осы мақсатта Қытай билігі "жұмсақ күш" құралын пайдалануға жылына 10 млрд доллар бөледі. Мемлекет қазынасынан. Бұл қаражат Латвия секілді шағын елдің жылдық табысымен бірдей екенін ескерсек, аталған тактиканың қытайлар үшін қаншалықты маңызды екенін байқауға болады. Қытайлар, тіпті, "Қытай мәдениетінің жұмсақ күшін зерттеу" орталығын да құрып қойғанын айта кету керек. 2010 жылы. Бұл зерттеуге ғалымдардан бөлек, қарапайым адамдарға дейін атсалысып, өз талдау материалдарын ұсынып жатыр. Абстракциялық ұғымды нақты күшке айналдыруды қалай ұғамыз? Мәселен, 2008 жылы Қытай аумағында өткен Олимпиада ойындарының өзін қытайдың "жұмсақ күшін" танытуға бағыттай білді. Аталған бүкіл әлемдік шараның ашылу салтанаты мен жабылу сәтіне дейін Қытай мәдениеті, экономикасы, дүниетанымы, т.б. барынша насихатталды, ұлықталды. Қытайдың "жұмсақ күшіне" қалай тойтарыс беруге болады? Оны алдағы уақытта баяндап береміз.
(жалғасы бар)