Жұма күні азан шақыруға рұқсат берілді
|
Еуропада, дәлірегі, Швецияның Кроноберг қаласына қарасты Уаксо провинциясында жұма күндері азан шақыруға рұқсат берілді. Аталған елдің мемлекеттік SR радиосы таратқан хабарға қарағанда, жергілікті полиция жұма күні сағат 13.00-де азан шақыруға ресми түрде рұқсат берген. Алайда, азан шақырған дауыстың децибилі 45-тен аспауы тиіс. Уаксоның бас архиепископы Фредерик Модеус бұл бастамаға қолдау білдіріп, осы оқиғаға байланысты ар-ождан бостандығы тек христиандар үшін ғана емес, осы елде тұрып жатқан өзге наным-сенім өкілдері үшін де маңызды екенін мәлімдеді. Демократиялық қоғамның құндылықтары сөз бостандығынан, ар-ождан бостандығынан, т.б. көрініс табатынын да еске салып өтті. Ал TRT ақпарат көзінің хабары бойынша аталған ел аумағында соңғы рет, дәлірегі, Стокгольм қаласындағы Боткирка провинциясында осыдан 5 жыл бұрын азан шақырылған екен.