Жесір әйел он мұсылманды қалай құтқарып қалды?
|
Осыдан төрт күн бұрын үнді радикалдарының төрт мұсылманды тірідей өртеп жібергені турасында хабар таратқан болатынбыз. Міне, Үндістанның Бихар штатында орын алған осы зобалаңда егде тартқан Шаил Деви есімді жесір әйел басын қатерге тігіп, 10 мұсылманды өз үйіне жасырып, радикалдардың «тіс-тырнағынан» аман алып қалған еді. Бұл жайында NDTV ақпарат көзі хабар таратты. Радикалдар тіпті оның үйін тінтіп көрмек те болған екен. Алайда, жүрек жұтқан әйел оларды ішке кіргізбеудің амалын тапқан. Яғни, қыздарымен бірге сыртта тұрып, ішке радикалдарды жібермеген. Артынан жесір әйелдің мұсылмандарды жасырғанын біліп қойған радикалдар оны жазаламақ та болған екен. Оның басындағы жағдайды естіп білген Мұхаммед есімді қарт мұсылман оны қыздарымен бірге өз үйінде паналатып отыр. Осы зобалаң орын алған елді-мекенге арнайы келген аталмыш штат министрі Джитан Рам Манджхи оған ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып, үйіне оралуына көндірген екен. Сонымен қатар, ержүрек әйелге осы ерлігі үшін 51 000 рупий сыйақы табыс етті.