Жендеттікке байқау жарияланды
|
Осы жылдың бас кезінен бері Сауд Арабиясында жазалау процедурасы айтырлықтай артқан. Жендеттер қылмыскекрлерді жазалап үлгере алмай жатыр. Осыған байланысты Сауд Арабиясының билігі жендеттік сегіз жұмыс орнына байқау жариялады. Жендеттік «жұмысқа» тұрғындар өзгелерге сабақ болуы үшін дүйім елдің көзінше қылмыскердің басын шабатын болады. Жендеттік «жұмысқа» тұрғысы келетіндерге қойылатын талап: тек қылмыскердің басын шауып қана қоймай, қолын да шаба білуі керек. Әдетте бұл елде ұрлық жасағандарға осындай жаза қолданылады. Айта кетейік, Сауд Арабиясы қылмыскерлерді өлім жазасына кесу жағынан жетекші үш елдің бірі. Мәселен, өткен жылы аталған елде 79 адам өлім жазасына кесілген. Ал осы жылдың бас кезінен бері 85 адам өлім жазасына кесілген. Қылмыскерді өлім жазасына кесуде алдыңғы орынға шыққан елдердің үшеуі де мұсылман мемлекеттері болып табылады. Бірінші орында Иран ислам республикасы тұр. 2014 жылы бұл елде 369 адам өлім жазасына кесілген болатын. Ал үшінші орынға Ирак табан тіреген: өткен жылы 169 адам өлім жазасына кесілген. Кей мәлімет бойынша үшінші орынға Қытай халық республикасы шыққан. Алайда, бұл елде қанша адамның өлім жазасына кесілгені туралы нақты дерек жоқ. Біз сөз етіп отырған Сауд Арабиясында шариғат үкімдері басшылыққа алынады. Бұл елде кісі қанын мойнына жүктегенге, сиқырлықпен айналысқандарға, кісі зорлағандарға және есірткі саудасымен шұғылданғандарға өлім жазасы қолданылады. Өткен жылы өлім жазасына кесілгендердің арасында кісі қанын мойнына жүктегендер мен есірткі саудасымен айналысқандардың қарасы көп болған.