Жасанды жолмен түсік жасатуды заңдастырып жіберді
Жасанды жолмен түсік жасатуды заңдастырып жіберді
5 жыл бұрын 3123 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жаңа Зеландия парламенті кеше, яғни, наурыз айының 18-і күні үшінші оқылымда абортты заңдастыру туралы заң жобасына дауыс берді. Жергілікті New Zealand Herald мерзімді басылымның таратқан хабары мен келтірген дерегіне қарағанда, аталмыш заң жобасын жақтап 68 депутат дауыс берсе, 51-і қарсы шыққан. Ендігі жерде бұл заң жобасы корол санкциясын алу үшін Жаңа Зеландияның генерал-губернаторына табыс етіледі. Аталмыш заң жобасы толық мақұлданса, жасанды жолмен түсік жасату аталған елдің қылмыстар туралы заңынан алынып тасталады. Сондай-ақ, аяғы ауыр әйел құрсақ көтергеніне 20 аптаға толмай жатып аборт жасатқысы келсе, екі дәрігердің мақұлдауын алу қажеттілігі жойылады. Таяуда ғана, яғни, наурыз айының басында Аргентина президенті Альберто Фернандес конгреске жасанды түсік жасатуды заңдастыруды қарастыратын заң жобасын енгізетінін мәлімдеген болатын. Сөз орайы келгенде мынадай деректер келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: қандай себеппен болмасын жасанды жолмен түсік жасатуға қатаң тыйым салған, бұл тыйымнан аттағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалатын елдермен (Бангладеш, Мавритания, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі, Индонезия, Чили, Ангола, Филиппин, т.б.) қатар жүкті әйелдің денсаулығына қатер төнген жағдайда немесе құрсақтағы шарананың бойынан ақау табылса, яғни, медициналық себеппен абортқа рұқсат етілетін елдердің қатарында Израил, Бразилия, Марокко, Полша, Мексика, т.б. бар. Бұдан бөлек, аяғы ауыр әйелдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына (тұрмысы төмен, күйеуі бақилық болса, перзентін асырауға шамасы келмейтін) қарай абортқа рұқсат етілетін елдер қатарында Үндістан, Финляндия, Ұлыбритания, Жапония, т.б. бар. Аборт жасату үшін тек перзент сүйгісі келмейтін жүкті әйелдің тілегі бойынша абортқа рұқсат етілетін елдер қатарында АҚШ, Австралия, Канада, Еуропаның бірқатар елі, т.б. бар.

Статистикалық дерек бойынша әлемде аборт жасатудан АҚШ, Қытай және Ресей көш бастап тұр. Десе де абортқа қатысты мәліметтер әр қилы. Кей жағдайда абортқа қатысты мәліметтер жария бола бермейді. Десе де жылына әлем бойынша орташа есеппен 1,7 млн-дай аборт жасалады.

0 пікір
Мұрағат