Жапонияда соқыр наным-сенімге байланысты білдей бір агенттік қызметіне сұраныс артып келеді
Жапонияда соқыр наным-сенімге байланысты білдей бір агенттік қызметіне сұраныс артып келеді
2 ай бұрын 449 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жалғыз жатып өмірден өткен немесе өз-өзіне қол жұмсап дүниеден озған үйлердің апатты жай-күйін бағалайтын және елестің бар-жоғын анықтайтын жапондық жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметіне сұраныс артып келеді. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таяуда South China Morning Post мерзімді басылымы қасіретті өлім орын алған үйлерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның саудасына қатысты мәміле жасауға көмектесетін Kachimodo жылжымайтын мүлік агенттігі жөнінде жазыпты. Аталмыш агенттік үй құрылысының қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар, елестің жоғына сендіретін сертификат берумен айналысады. 2022 жылы ашылған Kachimodo жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаған Кадзутоси Кодама “елестердің із кесушісі” деген лақап атмен танымал. Ол «Біз ғимаратта елестердің бар-жоғын анықтау үшін бейнекамераларды, жылумен көру камераларын, электромагниттік өріс өлшегіштерін, барометрлерді, термометрлер мен диктофондарды пайдаланамыз», дей келе қоршаған ортаның түрлі факторларын нақты уақыт режимінде тіркеп, мониторингілегеннен кейін, егер ешқандай ауытқулар байқалмаса, үйді сатып алғысы келетін үйдің болашақ қожайынына сертификат беретіндерін жеткізді. Мұндай тексерулердiң құны жылжымайтын мүлiктiң көлемiне байланысты күнiне ең аз дегенде 80 000 жапон иенiнен ең көп дегенде 150 000 жапон иенiне дейiн өзгередi. Өткен жылы баж салығының өсуіне байланысты үйді бағалау құны 50 000 жапон иеніне дейін артқан. Жылжымайтын мүлік туралы қолданыстағы заңнамада қарастырылған талаптарға сәйкес сатушылар ғимаратта қайғылы оқиғаның орын алғаны немесе алмағаны туралы ақпаратты ашып көрсетуі тиіс. Қасіретті жағдай орын алған үй-жайлардың бағалары жалпы нарықтық бағамнан 10-20% -ға төмен болып келеді. Ал үйді сатып алған жаңа қожайыны монахтар мен діни қызметкерлер жалдап, мамандандырылған мекемелерді пайдалануға шығын шығаруына тура келеді. Үйді елестерден аластауы үшін, яғни, экзорцизм жүргізгені үшін қосымша ақы төлеуді жөн көреді. Қоғамнан қол үзіп, жалғыз жатып қаза табатындар қарасы көп бұл елде. Әдетте олардың қайтыс болғаны кешірек байқалып жатады. Бұл фактор да үйдің құнына теріс әсер етеді. Жапон ұлттық полиция агенттігі тамыз айының соңында жариялаған статистикалық мәліметтерге сәйкес осы жылдың қаңтар-маусым айларында 40 913 жалғызбасты адамның жансыз денесі өз үйінен табылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезең көрсеткішімен салыстырғанда 3 686-ға көп.

0 пікір
Мұрағат