Жапония әкелік презумпциясының жаңа ережесін бекітті
|
Жапония билігі қайта қаралған Азаматтық кодексті қабылдады. Аталмыш құжатқа сәйкес әке презумпциясы жүйесіне өзгерістер енгізілді, онда әке мәртебесі жүктілік пен босану мерзіміне байланысты анықталады. Бұл жайында islam.kz порталы nippon.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңартылған Азаматтық кодекске сәйкес анасы қайта некеге тұрғаннан кейін одан туған балалар қазіргі күйеуінің ұрпағы болып саналады. Бұрын мұндай балалар ажырасқаннан кейін 300 күн ішінде дүниеге келсе, анасының бұрынғы күйеуінің ұрпақтары болып есептелетін. Жаңа ереже 2024 қаржы жылының бірінші күні, дәлірегі, сәуір айының 1-нен немесе осы мерзімнен кейін туған балаларға қатысты қолданылады. Әкелік жүйе презумпциясы бойынша неке кезінде дүниеге келген бала күйеуінің баласы, ал ажырасқаннан кейін 300 күн ішінде туған бала бұрынғы күйеуінің баласы болып саналатын. Ал әйелдің қазіргі күйеуінің балалары некеден немесе қайта некелескеннен кейін 200 күннен соң туған балалар болып саналады. Бұл жүйе 1898 жылы қабылданған алғашқы Азаматтық кодекстің ережелеріне негізделді. Бұл ережелер балаларды асырауға жауапты әкелерді жылдам анықтауға бағытталған.
*Презумпция – болжамның жалғандығы нақты дәлелденбейінше ақиқат деп есептелетін болжам