Жапон мұсылмандарының бас қайғысы
Жапон мұсылмандарының бас қайғысы
4 жыл бұрын 8836 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Күншығыс еліндегі мұсылмандар жер тапшылығы мен жергілікті жерлеу дәстүріне байланысты ақтық сапарға аттанған марқұмдарды жерлейтін жер таппай отыр. Бұл жайында жапондардың Kyodo News ақпарат көзі мәлім етті. 2018 жылы Жапонияда қаза тапқандардың 99%-дан астамы кремацияланды. Яғни, бақилық болғандардың денесі жер қойнына тапсырылмай, арнайы орында өртелді. Күншығыс елінде шамамен 200 мың мұсылман өмір сүріп жатыр. Соған қарамастан аталған арал мемлекетте дүние салған мұсылмандарды мұсылман ғұрпы бойынша ақтық сапарға шығарып салатын бар-жоғы жеті мазар ғана бар. Жапониядағы ислами қор мәліметіне қарағанда, аталған елдің солтүстік-шығысында орын тепкен Тохоку аймағында немесе аталған аймақтан батысқа қарай орналасқан Тюгоку өңірінде бірде-бір мұсылман зираты жоқ. Аталған аймақтардағы қайтыс болған мұсылмандарды шариғат талаптарына сай жерлеу үшін мұсылмандар зираты бар елдің өзге түкпіріне марқұмның сүйегін тасымалдауға тура келеді. Бұл біріншіден, шығынды қажет ететін басы артық әуре, екіншіден – мүрдені тасымалдау кезінде оған зақым келуі мүмкін. Бұл жайында аталған қордың бас директоры Куреси Харун мәлім етті. Ал бар зираттардың кейбіреуінде жерлейтін орын да қалмаған немесе шектеулі. Мәселен, Йоити қаласындағы Хоккайдо зиратында мұсылмандарды жерлеуге болады. Бірақ, орын тапшы. Васэда университетінің құрметті профессоры Хирофуми Танада мұндай қиындық тек мұсылмандар басында ғана емес, сонымен қатар, ел аумағындағы өзге наным-сенімдегілердің де басында кездесетінін тілге тиек етті.

0 пікір
Мұрағат