Жаңа теміржол желісі іске қосылады
|
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 3-і күні «Қазақстан-Түркіменстан–Иран» теміржолы пайдалануға беріледі. Бұл турасында кезінде хабар таратқан болатынбыз. Оның ашылу салтанатына аталған үш елдің көшбасшылары қатысады. Бұл жайында Иран ислам республикасының теміржол директорлар кеңесінің мүшесі Мұхаммед Карауи мәлімдеме жасағанын Almaty.tv ақпарат көзі «Түркіменстан хроникасы» порталына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Иран шенеунігінің сөзіне қарағанда, аталмыш теміржолдың ұзындығы 900 шақырымға дейін жетеді. Оның 82 шақырымы Иран жері арқылы өтеді. Ал Қазақстан аумағы бойынша 120 шақырымды құрайды. Түркіменстан территориясында – 700 шақырым. Аталмыш жоба Парсы шығанағы мен Орталық Азия және Еуропа құрлығының арасындағы қашықтықты 600 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Яғни, көлік шығынын, соның ішінде тасымалдау шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Мұхаммед Карауидің айтуынша, Иран тарапы бұл жобаға 52,3 млн доллар бөлген. Иран аумағындағы халықаралық теміржол жобасын аяқтау үшін әлі 112 млн доллар қаржы қажет. Бұл жобаны үш ел қаржыландырып отыр. Алдын ала жасалған есепке қарағанда, осы теміржол арқылы 2020 жылға дейін 15 млн тонна жүк тасымалданады. Оның 3 млн тоннасы транзиттік жүк болады.