Жаһан: Жерорта теңізінде суға батқан кемеден 675 адамның мәйіті табылды (видео)
|
Жерорта теңізінің түбінен 675 адамның мәйіті табылды. Талайдың өмірін жалмаған қайғылы жағдай былтыр 18 сәуірде болды. Келімсектерді тасымалдайтын алпауыт кеме апатқа ұшырап, қаншама адам қаза тапты. Алайда олардың мәйіті су бетіне бір жылдан соң шығарылды. Әрине, теңізшілерге бұл оңайға соқпады. Ана мен әкенің, ет жүрегі бауырының қаза тапқанын біле тұра оны жерлей алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Бұл кемеде суға батқан жүздеген адамның туыстары осындай күй кешуде. Олардың қайғысын түсінген билік өкілдері осыдан 1 жыл бұрын теңіз түбіне батқан кемені алып шығуға шешім қабылдады. Теңізшілер 1 ай тынбай жұмыс істеп, кемені Август портына жеткізді. Никола Де Феличе, Италия әскери теңіз күштерінің адмиралы: - Біз сүйектерді жинап, 458 қапты алып шықтық. Бұған қоса, қайықтың айналасынан сүңгуірлер 48 адам денесін тапты. Тағы да кеме суға батқан осы 1 жыл ішінде 169 мәйітті су бетіне шығарған болатынбыз. Осылайша біз 675 адамның денесін тауып отырмыз. Мүмкін суға кеткендердің саны бұдан да көп болған шығар. Кеменің астыңғы қабаты адамға лық толы болған. Ол жерден марқұмдардың денесін алып шығу үшін 350 өрт сөндіруші қайықты бірнеше бөлшекке бөлді. Табылған мәйіттер кімге тиесілі екенін анықтау үшін дәрігер сарапшыларға тапсырылды. Кристина Каттанео, сот-медициналық сараптаушы: - Біз бұл мәйіттерді зерттеп, бірінші кезекте адамның жынысы мен жасын анықтауға тырысамыз. Егер денесінде тыртық немесе арнайы белгілері бар болса, оны да ескереміз. Адамдардың тісіне де мән береміз. Кейін олардың туыстары ДНҚ сараптамасын бізге әкеледі. Сонымен салыстырамыз. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін Италия 15 млн еуро жұмсады. Кеме апатында қаза болғандардың аты-жөні анықталып, еуропалық деректер базасына енгізілуі тиіс. Бірыңғай жүйені жасау үшін Август портында тиісті жұмыстар атқарылуда.