Жаһан жаңалықтары: Мұсылман таксист иесіне ұмыт қалдырған ақшасын қайтарды
|
Мұхаммед Нисар есімді британдық мұсылман вокзалдан мінген жолаушыны айтылған жеріне жеткізіп салмай ма, клиент машинадан түсіп, өз жөніне кеткен соң көлік жүргізушісі сөмке толы ақшаны байқайды. Үш баланың әкесі, 15 жыл көлік айдаған тәжірибелі жүргізуші жолаушыны тауып, ақшасын қайтарған екен, анау алғыс айтуға сөз таппай, қатты абдыраған көрінеді. Бұл жайында Express & Star ақпарат көзі хабар таратты. Таксист мұсылманның айтуынша, ол машинасынан жолаушылар ұмыт қалдырған немесе қалтасынан түсіріп алған әмияндарын, қалта телефондарын жиі тауып алады екен.
Раввиндер мен священниктер жұма күні мешітті исламофобтардан қорғады
Сан-Франциско қаласының тұрғындары, соның ішінде, священниктер мен раввиндер де бар, Сан Рамон Вэлли ислам орталығын жұма намазы кезінде жамағаттың алаңсыз құлшылық етуі үшін жуырда ғана бас көтеріп, қайта басылған исламофобтардан қорғады. Бұл жайында San Francisco Gate ақпарат көзі хабар таратты. Раввин Даниэль Гольдблатт пен священник Уилл МакГарви осынау сауапты іске ұйытқы болды. Мешітті қорғауға шамамен 200-дей адам қатысты. Олар қол ұстасып, мешітті қоршап тұрды. «Планетамыз үшін, әр жан үшін, балаларымыз үшін шеңберіміздің тұтастығын сақтаймыз», - деп ұрандатты. Жұма намазы аяқталған соң олар дінаралық татулық жайында дәріс тыңдау үшін мешітке бас сұқты.
Исламофобиялық акция басталмай жатып, сәтсіз аяқталды
Еуропаның PEGIDA исламофобиялық қозғалысының Канадада өткізбек болған мұсылмандарға қарсы акциясы басталмай жатып, сәтсіз аяқталды. Өйткені, аталмыш акцияны өткізуге жиналған исламофобтарға қарсы шерушілердің қарасы бірнеше есе көп болды. Монреал қаласындағы бұл акцияға бар-жоғы он шақты исламофоб қана жиналған. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Ал оларға қарсы жиналғандардың қарасы 500 адамнан асып кеткен. Олар қолдарына «Исламофобияға қарсы ынтымақтастық», «Нацизмге қарсымыз» деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Айта кетейік, аталмыш исламофобиялық қозғалыстың шерулері қарт құрлықтың өзінде кейінгі кезде жиі сәтсіздікке ұшырайтын болған.
Аяғы ауыр мұсылман әйелін ұрып кетті
Францияның Тулуза қаласының Хадиша есімді 29 жастағы тұрғыны, айы-күні жетіп отырған аяғы ауыр, тегі француз мұсылман әйелін тапа-тал түсте, көшенің қақ ортасында исламофобтар таяққа жығып, балағаттап кетті. Сондағы бар жазығы – басына шариғат шәлісін тартқаны. Тарқатып айтқанда, мектептен балаларын алып қайту үшін көшеге шыққанда оны белгісіз біреулер басындағы орамалын сыпырып алып, шашынан жұлқылаған. Оның айы-күні жетіп отырған аяғы ауыр әйел екеніне де қарамаған. Мұсылман әйеліне шабуыл жасаған адамның жанында серігі болған. Қылмыскерлер әйелді таяққа жыққан соң, табандарын жалтыратып, тайып тұрған. Зардап шеккен әйелдің күйеуі Мұнирдің айтуынша, жұбайы үшінші перзентін күтіп жүрген екен. Таяққа жығылған сәуір айының орта шенінен бері әйелі қатты қорыққандықтан күйзеліске түсіп, көз жасы құрғамайтын көрінеді. Осы оқыс оқиғаға байланысты Тулуза қаласының депутаты Кристоф Боржел нәсілшілдікке жол берген исламофоб қылмыскерлерді қатаң айыптады. Бұл жайында The Daily Mail ақпарат көзі хабар таратты.
Екі жыл бұрын ұрланған чех туристері босатылды
Чехия билігі осыдан екі жыл бұрын Пәкістанда ұрланған екі чех турисінің босатылғаны турасында мәлімдеді. Бұл жайында AFP ақпарат көзі хабар таратты. 2013 жылдың наурыз айының 13-і күні Хана Хумпалова (Hana Humpalova) және Антония Крастецка (Antonie Chrastecka) есімді екі чех турисі Пәкістанның Белужстан провинциясында ұрланған болатын. Іле-шала олардың видеосы пайда болды. Онда олар АҚШ абақтысында жатқан, 2010 жылы террористік ұйымдармен байланысты айыпталған пәкістандық неврологты босатуды сұраған болатын. Сол жылдың тамыз айында ғаламторға шыққан тағы бір видеода олар чех билігінен өздерін босатып алуды сұраған еді. Чех туристерінің босатылуына түріктердің гумианитарлық ұйымы көмек көрсеткен. Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка 26 жастағы екі чех турисінің аман-есен келгендігін жария етті. Сөз реті келгенде айта кетейік, Пәкістанның аталмыш провинциясында шетелдік туристермен бірге жергілікті тұрғындар да жиі ұрланады. Адамдарды «әл-Каидамен», тәліптермен байланысы бар экстремистік топтарға асырып жіберу немесе құн талап ету мақсатында ұрлайды.