Жаһан жаңалықтары: Араб елдерінің ортақ әскерінде 40 000 сарбаз болады
Жаһан жаңалықтары: Араб елдерінің ортақ әскерінде 40 000 сарбаз болады
10 жыл бұрын 4810

Естеріңізде болса, өткен аптада, яғни, сенбі күні араб елдерінің ортақ әскерінің құрылатыны турасында хабар таратқанбыз. Мысырдың Шарм әл-Шейһ қаласында өткен араб елдері лигасының (АЕЛ) жиынында осы мәселе түбегейлі шешімін тауып, араб елдерінің тұтас мүддесін қорғайтын бірыңғай ортақ әскер құрылатын болды әрі осынау саммитте Йемендегі жағдай тұрақталғанша осы елдегі әскери жорықты жалғастыра беру жөнінде бір тоқтамға келді. АЕЛ-дің бас хатшысы Нәбіл әл-Араби аталған мәселелерге қатысты мәлімдемені жиналған жұртшылыққа оқып берді Бұл жайында Associated Press ақпарат көзі хабар таратты. «Йемен құрып кетудің аз-ақ алдында қалған болатын. Бейбітшілікті орнату және заңды жолмен сайланған билікті сақтап қалу үшін араб елдерінің және халықаралық қауымдастықтың жұдырықтай жұмылып, тиімді қадам жасауын талап етті»,- деді ол артынша. Сондай-ақ, аталмыш жиында араб елдерінің ортақ әскерінде 40 000 сарбаз болатыны белгілі болды. Оның штаб-пәтері Каир қаласында немесе Эр-Рияд шаһарында орналасады. 

 

Араб ханзадасы Владимир Путинді сынға алды

Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсал Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді сынға алған. Бұл жайында РБК ақпарат көзі хабар таратты. Бұған Владимир Путиннің билікке таласып, көтеріліске шыққан шииттік хусит тайпасының кесірінен тұрақтылығы шайқалып, саяси дағдарыс орын алған Йемендегі жағдайда бейбіт жолмен шешуге үндеген үшбу хаты себеп болған. Яғни, РФ басшысы хатында Йеменге әскер кіргізуді ашық айыптап айтпаса да бұл мәселеде «сыртқы күштердің араласпауын» жұқалап жеткізген екен. Владимир Путиннің жолдаған хаты Мысырда өткен, Сириядағы, Йемендегі күрделі ахуал талқыланған Араб елдері лигасында оқылған болатын. Саудиялық ханзада: «Таяу Шығыстағы күрделі жағдайды Ресейге оның қатысы жоқ секілді айтады», - деп салды. Оның айтуынша, Ресей билігі Сириядағы халықтың осындай күйге ұшырағаны үшін жауапты. Ол Кремльдің «Сириядағы қасірет туралы айтқанымен, өз халқына күрес ашқан Башар Асад режимін қару-жарақпен қамтамасыз етіп, өзі де осы қасіретті тудырғандардың бел ортасында жүр» дей келе Владимир Путиннің бұл бағыттағы ұстанымын өзгертеніне үміттенеді.

 

Америкалық әскерилер Колумбияда 50-ден аса баланы зорлаған

Бұл жаға ұстатар жаңалық колумбиялықтарды аяғынан тік тұрғызды. Нақтырақ айтқанда, 2003-2007 жылдары аралығында Латын Америкасындағы осынау мемлекетте АҚШ-тың әскерилері жасы 12-ге дейінгі 54 баланы зорлаған. Бұл жайында колумбиялық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ел үкіметінің FARC көтерілісшілерімен бірігіп әзірлеген, 800 беттен тұратын баяндамада айтылған. Педофил қылмыскерлердің біреуі дипломатиялық иммунитеті болғандықтан әрі сол кездегі АҚШ пен Колумбия арасындағы қатынасытың өзгешелігіне байланысты жауапқа тартылып жазаланған жоқ. Аталмыш баяндаманы әзірлеуге атсалысқан авторлардың бірі – Боготадағы педагогикалық университеттің профессоры Ренан Вега 2004 жылы орын алған жағдайдан мысал келтірді: Мельгар қаласында орналасқан әскери базадағы америкалық жалдамалылар ондаған колумбиялық қызды зорлаған. Олар тек мұнымен ғана шектеліп қалмай, бәрін камераға түсіріп, артынан порнографиялық өнім ретінде сатқан. 2007 жылы АҚШ армиясының сержанты Майкл Коэн мен әскери нұсқаушы Сезар Руис 12 жастағы қызға есірткі салып, артынан зорлаған. Қылмыскерлерді тұтқындауға ел билігі рұқсат берген жоқ, оларды елден қуумен шектелді. Олардың құрбанына айналған қыз бен оның отбасы өмірлеріне қауіп төнген соң қашып кеткен. Аталмыш баяндамада айтылғандай, 2006 жылы америкалық сарбаздар тарапынан осындай оқиға 23 рет, ал 2007 жылы 14 рет орын алған. Бұған қоса, статистикалық мәліметке қарағанда, осы аралықта 90-ға жуық колумбиялық әйелді америкалық әскерилердің зорлағаны белгілі болған. Америкалық сарбаздар мұндай арсыз қадамға бірінші рет барып отырған жоқ. Өткен жылы белгілі тілші Сеймур Херш Азаматтардың бостандығын қорғаудың америкалық одағының жиынында сөйлеген сөзінде Ирактағы «Әбу-Грейб» түрмесінде америкалық әскерилер аналарының көзінше балалар мен жасөспірімдерді зорлап, камераға түсірген. 

 

Ұйғыр азаматы қауға сақалы үшін алты жылға сотталды

Қытай соты сақалын қауғадай етіп өсірді деген айыппен ұйғыр азаматын алты жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жайында Agence France-Presse ақпарат көзі хабар таратты.
Сондай-ақ, айыпталушының әйелі де алдағы 2,5 жылын түрмеде өткізетін болады. Сот оны хиджаб кигені үшін айыпты деп танып отыр. Елдің заңы бойынша, ерлі-зайыптыларға "алауыздықты қоздыру" деген ресми айып тағылған. Соңғы кезде Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында дәл осындай айып сот процестерінде жиі қолданылып жүр.
Айта кетейік, сотталған 38 жастағы азамат Қашқар округінің тұрғыны. Ол өз сақалын 2010 жылдан бері өсіріп келеді екен.
Естеріңізге салайық, Шыңжаңда соңғы бірнеше жылдан жиілеп кеткен лаңкестік оқиғалардан кейін ел билігі жергілікті тұрғындардың сақал өсіріп, діни киім киюіне тыйым салған болатын.

0 пікір
Мұрағат