|
Жаһан: Еуропада израилдік келімсектердің тауарларына белгі соғылады
|
Палестинаның атамекені болып табылатын Иордан өзенінің батыс жағалауына израилдік келімсектер қоныстанып жатқандықтан бұған наразылық ретінде осы өңірде өндірілген, Еуропаға тасымалданған тауарларға міндетті түрде белгі соғылатын болады. Еуроодақтың шетелдіктер ісі жөніндегі жоғары өкілі Федерик Могеринидің мәлімдегеніндей, аталмыш мәселеге қатысты жұмыстар аяқталып қалған. Десе де, кәрі құрлықтағы бірқатар елдер, соның ішінде Ұлыбритания мұндай шешімді күтіп жатпастан сауда орындары үшін еврей келімсектері қоныстанған аймақта өндірілген тауарларға қатысты мінездеме шығарып қойды. Израилдің «Гаарец» мерзімді басылымының мәліметіне қарағанда, Израил билігі Еуропа елдерінің мұндай қадамға бармасы үшін жанталасып жатыр. Неге десеңіз, бұл шара өз кезегінде Израил тауарларына байкот жариялағанмен бірдей – арнайы белгі соғылған, яғни, еврей келімсектері қоныстанған аймақта өндірілгенін білдіретін белгіге қарап, тұтынушылар Израилдің Палестинаға жасап отырған қиянатына наразылық ретінде мұндай тауарларды алмай қоюы мүмкін. Айта кетейік, аталған аймақта халықаралық нормаларға қарсы шығып, заңсыз қоныстанған еврей келімсектерінің қарасы жарты миллионға жуықтап қалған. Нақтырақ айтқанда, аталған аймақта екі жүзге жуық еврей елді-мекендері пайда болып үлгерген.
Лондон: исламофобиялық қылмыс өршіп барады
Лондон мегаполисінің құқық қорғаушылары қалада исламофобиялық қылмыстың өршіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда. Нақты санмен өрнектесек, 2014-2015 жылдар аралығында мұсылмандарға қарсы қылмыс пен қастандық 70 пайызға артып кеткен. Бұл жайында Islam-today ақпарат көзі хабар таратты. Өткен жылы мұсылмандарға қарсы 478 қылмыс тіркелген болса, аталған кезең аралығында осындай себеппен 816 қылмыс орын алған. Құқық қорғаушылардың дерегі бойынша исламофобиялық қылмыстардың сипаты әр түрлі: ғаламторда мұсылмандардың ар-намасына тиюден бастап, күш көрсетуге дейінгі қылмыстар тіркелген. Соның ішінде қоғамдық орындарда шариғат шәлісін жамылған әйелдерге шабуыл жасау қылмысы көбірек тіркелген болып шықты.