Жаһан: Бішкекте елдің ең үлкен мешіті ашылды
Жаһан: Бішкекте елдің ең үлкен мешіті ашылды
10 жыл бұрын 3071

Қырғыз астанасында «Абдулкерім Сатук Багра Хан» атындағы ел тарихындағы ең үлкен мешіт ашылды. Бұл жайында «ummet.kz»  ақпарат көзі хабар таратты. «Абдулкерім Сатук Багра Хан» мешіті 1995 жылы Түркия үкіметі негізін қалаған Манас қырғыз-түрік университеті кампусы аумағында тұрғызылған. Құрылыс ғимараты әрбірінің ұзындығы 59 метрден тұратын екі мұнарадан, диаметрі 26 текше метр күмбезден және үш балконнан құралған. Осман үлгісінде бой көтерген мешіт бір мезетте 4 мың адамның ғибадат етуіне мүмкіндік береді. Құлшылық үйінің іргетасы 2012 жылы қаланды, деп хабарлайды «Анадолу» агенттігі. 

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ КІМ БЕЛСЕНДІ? 

Саудиялық социологтардың пайымдауынша, жастардың әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында діни мәселелер мен адамгершілік туралы көп қозғалады екен. Бұл туралы «E-ISLAM» ақпарат көзі хабар таратты. Сонымен қатар, елдегі «Twitter» әлеуметтік желісінің 99 пайыз қолданушысы теріс идеологияны насихаттайтын болып шықты. Сондай-ақ, жастарды теріс көзқарасқа жетелейтіндер тек аноним аккаунттар арқылы кіретіні белгілі болды. Мамандардың айтуынша, мұның салдары исламның шынайы бейнесін көрсетіп, керісінше қоғамды бұзақылық әрекеттерге бейімдеп жатқаны ақиқат.

 

Иранда шошқа тұмауынан 30-дан астам адам көз жұмды

 «Елде шошқа тұмауы өршіп кетті, әсіресе, мемлекеттің оңтүстік-батыс аймағында. Қазір үш апта ішінде 30-дан аса тұрғыннан айрылып қалдық», - деп мәлімдеме жасады Иран Денсаулық сақтау минитрлігінің ресми өкілдері. Бұл жайында «Baq.kz» ақпарат көзі хабар таратты. Сондай-ақ, олардың айтуынша, H1N1 вирусы алдағы күндері елдің басқа аумақтарына, соның ішінде Тегеранда таралуы мүмкін.

 

Тәжікстанда жер сілікінісінен 500-ден аса үй қирады

Тәжікстандағы Памир таулы өлкесінде жер сілкінісі салдарынан 500-ден астам үй қирап, ондаған адам ауыр жарақат алған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон баспасөз қызметінің хабарлауынша, магнитудасы 7,2 жер сілкінісі елдің Таулы-Бадахшан автономиялық облысына жақын аумақта болған. Апат аймағына мемлекет басшысы көмектесу үшін арнайы жасақ жіберді. Сондай-ақ, Тәжікстан президенті министрліктер мен ведомстволардың басшыларына табиғи апаттың салдарын жою үшін шұғыл шараларды қабылдауға, тұрғындарды уақытша баспана, жылы киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тапсырма берді.

 

Йеменде 21 миллион адам гуманитарлық көмекке зәру

Йемен тұрғындары аштық алдында тұр. Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы осылай деп дабыл қағуда. Өйткені соғыстан көз ашпаған халықтың 14 миллионы аш отыр. Бұл жайында «24.kz» ақпарат көзі хабар таратты. «Елдегі әрбір бесінші бала тойып тамақтанбайды», - дейді.әлемдегі ең үлкен гуманитарлық ұйым өкілдері. Йемен балалар арасындағы аштық деңгейі ең жоғары елдер қатарына жатады. Бүгінде 19 миллион тұрғын таза ауыз суға зәру екен. Осы ретте бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы мұндағы 2 жарым миллион тұрғынды тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Келер жылдан бастап ұйым көмек көлемін екі есеге арттыруға ынталы. Бұл қосымша қаражатты талап етеді. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселелі тағы бар. Өйткені Араб коалициясының әуе шабуылдары мен атыс-шабыстар гуманитарлық көмек жеткізуде қиындық тудырып отыр. Мэттью Холингворт, Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының өкілі: - Біздің ұйым бүкіл әлем бойынша қызмет етеді. Алайда солардың ішінде Йемендегі жағдай бізді қатты алаңдатады. Өйкені мұнда гуманитарлық көмек жеткізу өте қиын. Дегенмен біз оны шешудің жолдарын іздеп жатырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз, әрине. Елдегі 22 провинция бар. Соның 10-ында тұратын халық ашқұрсақ жүр. Жалпы бүгінде елде 21 миллион адам гуманитарлық көмекке зәру. Бұл халықтың 82%-ы. Араб коалициясының мемлекетті әуеден соққылауын бастағалы 2 миллионға жуық бала мектепке барудан қалған. Елде сондай-ақ дәрі-дәрімек тапшылығы да байқалуда. Қарулы қақтығыс басталғалы 2 миллион 300 мың адам үйлерін тастап, босып жүр. 120 мыңы елден кетуге мәжбүр болған. Мұхаммед Ахмед Хасан, жергілікті тұрғын: - Біздің бүгін осындай жағдайда өмір сүріп отырмыз. Халық атыс-шабыс салдарынан баспанасынан айырылған. Қазір не жататын жерлері, не жейтін тамағы, не киім-кешегі де жоқ. Тұрғындардың көбі ашық аспан астында жатады. Йеменде өткен жылдың тамызынан бері көтерілісші хуситтер мен ел президенті Мансұр Хадидің жақтастары арасындағы қарулы қақтығыстар толастамай келеді. Наурыздан бастап Сауд Арабиясы бастаған коалиция хуситтер бекінген орындарды әуеден соққылап келеді. Осы ретте мемлекет басшысы 15 желтоқсаннан бастап бір аптаға бейбіт келісім жариялаған. Бұл гуманитарлық көмек жеткізуді жеңілдетіп, текетірестерден әбден қажыған халықтың аз уақыт болса да тыныш өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсет Толыбаев

 

Терроризм кей араб елдерінің жойылуына алып келуі мүмкін 

«Әл-Арабия» басылымы Мысыр президенті Әбдіфаттаһ ас-Сисидің терроризм мен экстремизм секілді қауіпті құбылыстардың кей араб елдерінің мемлекетін жоюына алып келуі мүмкін екеніне қатысты пікірін келтіріпті. Пирамидалар елінің басшысы бұған жол бермеу үшін Араб елдері лигасының және Ғылым мен мәдениет мәселелерімен шұғылданатын араб ұйымының құзыретін арттыру қажеттілігіне тоқталған.

0 пікір
Мұрағат