Жаһан: Әлемде босқындар саны 65 млн 300 мың адамға жетті (видео)
Жаһан: Әлемде босқындар саны 65 млн 300 мың адамға жетті (видео)
8 жыл бұрын 2704 24.kz Ж.Атагельдиева, Ә.Хасенқызы

Әлем бойынша 65 млн 300 мың адам қарулы қақтығыс пен түрлі зорлық-зомбылықтан безіп босқынға айналды. Мұндай рекордтық көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген. Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзілік босқындар күніне орай осындай мәлімет жариялады. Ресми баяндамаға сүйенсек, 24 млн адам басына пана іздеп, өзге мемлекеттерге бас сауғалап кеткен. Халықаралық ұйым құжатына сәйкес, бүгінде 24 млн-дан астам адам шекара асып, өзге мемлекеттерге қашқан. 41 млн-ға жуығы үйлерін тастап, өз елі аумағында босып жүр. Солардың бірі – Ирактағы Әл-Фаллуджа тұрғындары. Әскери операция жалғасып жатқан қаладан соңғы бірнеше күн ішінде 30 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Қазір олар уақытша орындарды паналауға мәжбүр. Көбісі ондағы жағдайдың адам төзгісіз екенін айтып, қынжылып отыр. Карл Шембри, Босқындар ісі жөніндегі Норвегия кеңесінің өкілі: - Біз эвакуацияланған Әл-Фаллуджа тұрғындары үшін шатырлар құрып жатырмыз. Дегенмен оған барлығы бірдей сыймайды. Сондықтан көбісі шөл далада, ашық аспан астында өмір сүруге мәжбүр. Күн болса шығып тұр. Әжетхана мәселесі де әлі шешілмеген. Азық-түлік пен таза ауызсу жеткізу ісіне қатысты қиындықтар туындап отыр. Әл-Фаллуджаға жақын орналасқан қалалардың бірі – Бағдат. Алайда, көрші шаһардан эвакуацияланған жұрт Ирак астанасына кіре алмай, әуре-сарсаңға түсуде. Әскери қызметкерлер бұл азаматтардың арасында содырлар болуы мүмкін деп қауіптенеді. Сол үшін күштік құрылым өкілдері мыңдаған адамнан жауап алып, тексеру жүргізіп жатыр. Жалпы, Әл-Фаллуджа 2014 жылы алғашқылардың бірі болып «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» қоластына өткен болатын. Араға екі жыл салып, 23 мамырда мұнда әскери операция басталған. Өткен аптаның аяғында Ирак премьер-министрі шаһардың содырлардан азат етілгенін жария етті. Дегенмен, экстремистер әлі күнге қаланың шетіндегі кейбір аудандарда бекініп отыр. Сондықтан, қазір мұнда қарулы қақтығыс жалғасып жатыр.

7 мың босқын бала Италияға өз бетімен келген

ЮНИСЕФ балалар қорының дерегіне қарағанда, 2016 жылдың қаңтар айынан бері Италияға 7009 босқын бала өз бетімен келген. Яғни, олардың жанында ата-анасы немесе ересек туыстары болмаған. ЮНИСЕФ-тің «Барлығы арналған білім» мониторингісі бойынша бүкіл әлемдік баяндамасында айтылғандай, босқын балалардың тек елу пайызы ғана мектепке барып жүр.  

0 пікір
Мұрағат