Израильдік ғалымдар шегірткедей секіретін робот жасады (видео)
Израильдік ғалымдар шегірткедей секіретін робот жасады (видео)
8 жыл бұрын 3908 24.kz

Болашақта оны ұшуға да үйретуді көздеп отыр. Мамандардың айтуынша, осындай шағын құрылғыларды адам қолы жетпейтін түрлі жерлерде қолдануға болады. Ғалымдар бұл роботты шегірткелерге қарап жасаған. Шап-шағын. Денесінің ұзындығы небары – 10 сантиметр. Алайда, жәндік 3,5 метр қашықтыққа секіре алады. Шегірткелер, бүргелер және бақалар секіру үшін бойындағы қуатын артқы аяқтарына жинайды. Сондықтан көз ілеспес жылдамдықта діттеген жеріне жетеді. Амир Аяли, Тель-Авив университетінің профессоры: - Шегіртке секіру үшін бұлшық етін жиырады. Сондай-ақ, механикалық энергияны пайдаланады. Тап осы қимылын біз қадағалап, қайталап жасауға тырыстық. Зерттеушілер роботтың құрылымын мүмкіндігінше оңайлатты. Аяқтарының орнына жасалған сабақтары серіппелермен жабдықталған. Оны бүгіп бекіткенде, серіппелерінде қуат жиналады. Ал босатқанда бар күші бір сәтте босап, құрылғы атып шығады. Осындай бір роботты жасауға шамамен 100 АҚШ доллары кетеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл құрылғыны қолданудың мүмкіндіктері мол. Амир Аяли, Тель-Авив университетінің профессоры: - Адам баласының қолы жетпейтін жерлерде шегіртке-роботты іске қосамыз. Әсіресе іздестіру, құтқару операцияларына, тіпті ағып жатқан мұнайды бітеу үшін пайдалануға болады. Инженерлерді қанаттандырған шегіртке алдағы уақытта тіпті ұшуы да мүмкін. Биікке секіруді, тіпті адымдап жүруді робот бағдарламасына енгізбек.

0 пікір
Мұрағат