Израил соты 2022 жылы 600 палестиналық баланы үйқамаққа алған
Израил соты 2022 жылы 600 палестиналық баланы үйқамаққа алған
2 жыл бұрын 1698 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Ұсталғандар мен бұрынғы тұтқындар жөніндегі комиссияның мәліметі бойынша 2022 жылы Израил соттары 600-ден астам палестиналық баланы үйқамаққа алған. Бұл жайында islam.kz  порталы golosislama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш комиссия мүшелері Израил қауіпсіздік күштерінің негізінен 14 жасқа толмаған палестиналық балаларды «жазалау» құралы ретінде үйқамағын қолданып жатқанын, өйткені, Израил заңнамасы балаларды түрмеге отырғызуға рұқсат етпейтінін мәлімдеді. Демек, сот оларды белгілі бір мерзімге өз үйінде ұстауды ұйғарады, соның ішінде сот үкімі шыққанға дейін қамауға алынған баланың ісі қаралады. Ең сорақысы, сот үкімі шығарылғанға дейінгі мерзім бірнеше күннен бір жылға дейін созылуы мүмкін және cот үкімінде баланың үй қамақта отырған уақыты есепке алынбайды немесе ескерілмейді. Бұл аралықта балаға бақылаусыз (қауіпсіздік күштерінің қадағалауынсыз) мектепке баруға және медициналық мекемелерге баруға тыйым салынады және балаға кәнігі қылмыскер секілді электронды бақылау білезігі тағады. Израил билігі мұндай репрессиялық шараны басып алынған Шығыс Құдыстағы палестиналық балаларға жиі қолданатын болып жүр. 2022 жылы Израил негізінен палестиналық балаларға үйқамағының екі түрін қолданды; біріншісі - сот үкім шығарғанға дейін соттың ұйғарымымен сотталған бала белгілі бір уақыт ішінде өз үйінен қия басып, аттап басып шыға алмайды. Мұндай жағдайда, яғни, баласы үйқамаққа алынған балалардың ата-аналары көбінесе дүние- мүлкін сатып, жиған-тергенін сот қазынасына салуға мәжбүр болады, осылайша тиісті құзыретті органдар баланы босатып қалады деген үміт жетегінде шығынға батып жатады. Палестиналық балалар отбасынан жырақта, яғни, басқа қалада үй қамағына алынуы мүмкін. Егер Израил соты үйқамақтың мұндай түрін белгілесе, отбасылар өзге пәтер немесе үйді жалға алуға мәжбүр болады, мұндай үкім үйқамаққа алынған бааның ата-анасына ауытрпалық түсіреді. Аталған комиссия өкілдері Израил билігінің палестиналық балаларға қолданатын мұндай шарасы үйқамаққа алынған баланың психикасына ауыр соғатынын немесе зақым келтіретінін алға тартып отыр, өйткені, әлеуметтік қарым-қатынастан, білім алу мүмкіндігінен, өзге де баланың дамуына ықпал ететін күнделікті жағдаяттардан айырады. Палестина тұтқындары қоғамы келтірген дерекке қарағанда, Израил билігі 2022 жылы 6500-ден астам палестиналықты тұтқындаған және қамаған, олардың арасында әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар қарасы көп.

 

0 пікір
Мұрағат