ИЫҰ Charlie Hebdo ұжымын айыптады
ИЫҰ Charlie Hebdo ұжымын айыптады
10 жыл бұрын 4061

Құрамына елу үш мемлекет кіретін Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) Екі әлем сардарына (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) карикатура жасап, оны журналдың мұқабасына шығарған француздардың аты-шулы Charlie Hebdo сатиралық басылымын сотқа беруді жоспарлап отыр. Исі мұсылманның мінбері саналатын аталмыш ұйымның бас хатшысы Ийяд Мадани саудиялық The Independent басылымына берген сұхбатында: «ИЫҰ Еуропа мен Францияның заңдарын және өзге де процедураларын зерделеп жатыр. Charlie Hebdo басылымына қарсы құқықтық шара қолдану үшін», - дей келе құқықтық тұрғыдан шара қолдану мүмкіндігі туса, француз журналын бірден сотқа беретіндерін мәлімдеді. Сондай-ақ, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаны (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) келеке етіп карикатурасын жасаған француздардың Charlie Hebdo сатиралық басылымының ұжымын мұсылмандардың ар-намысына тиетін осы әрекеті үшін айыптап, арнайы мәлімдеме жасады. Бұл жайында Agence France-Presse ақпарат көзі хабар таратты. «Мұсылмандар, христиандар, барлығы жайында арандату материалдарымен аты шыққан бұл журнал» дей келе шексіз бостандықтың болмайтынын тілге тиек етті. Сөз бостандығын желеу еткен аталмыш басылымның діни араздыққа бастайтын қадамын сынға алған Түркия президенті мұсылмандардың да наным-сенімі өзге азаматтардан өздерінің пайғамбарына құрметпен қарауын талап етуге құқылы екенін ескертті. Ол осы сөзі арқылы исі мұсылманның иудейлердің де, христиандардың пайғамбарларына құрмет көрсететінін меңзеді.

0 пікір
Мұрағат