|
Ислами инвестиция биржаға шығады: Қырғызстан жаңа сектор ашуға дайындалып жатыр
|
Қырғызстанда ислами қаржы құралдарымен сауда жасау үшін жеке секторды іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұлл жайында islam.kz порталы өз кезегінде 24.kg ақпарат көзіне жөн сілтеген inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қырғыз қор биржасы мен Ислам қаржы қауымдастығы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар жаңа биржалық сектордың моделін бірлесіп әзірлеуге және онда қандай құралдар қолданыла алатынын бірігіп айқындайтын болады. Дәліреші, бұл арада облигациялардан айырмашылығы несие пайызын төлеуді көздемейтін сукук - исламдық бағалы қағаздар турасында сөз болып отыр. Олардың құрылымы нақты активтерге немесе инвестициялық жобаларға байланысты қалыптасады. Қырғыз қор биржасының бас директоры Аида Чодулова келесі кезеңде ислам қаржы құралдарымен сауда секторының тұжырымдамасы әзірленетінін хабарлады. Серіктестер алдында эмитенттерге қойылатын талаптарды, қағаздарды сауда-саттыққа жіберу қағидаларын және оларды листингтеу тәртібін анықтау міндеті тұр. Шариғаттық және сараптамалық келісімдерге ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа бағыт үшін аталған елдің қор биржасының қазіргі инфрақұрылымын, оның ішінде валюталық және бағалы металдар саудасы кезінде қолданылатын инфрақұрылымды пайдалану көзделіп отыр. Жоба 2023-2027 жылдарға арналған исламдық экономикалық тұғырнаманы дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасына сәйкес келеді. Құжат мемлекеттік және корпоративтік сукук нарығын дамытуды және Қырғызстанды исламдық қаржының өңірлік алаңы ретінде ілгерілетуді қарастырады. Ислам қаржы қауымдастығы жаңа нарық Қырғызстанға ел ішінде ғана емес, шетелден де капитал тартуға көмектеседі, деп есептейді. Акционерлік инвестициялық қор басшысы Талант Керімбаев платформаны құру кезінде халықаралық стандарттарды, оның ішінде AAOIFI және IFSB әзірлеген стандарттарды ескеру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шетелдік инвесторлар үшін түсінікті сукук және басқа да исламдық құралдармен жұмыс істеу ережелерін қалыптастыруға көмектесуі тиіс. Бұдан басқа, қырғыз қор биржасы оқу орталығының базасында исламдық мәмілелерді құрылымдау және осындай қағаздарды биржада айналысқа жіберу бойынша арнайы дәріс жүргізуді жоспарлап отыр