|
Исламды қабылдаған украин бойжеткені көз жасына ие бола алмады
|
Қасиетті Рамазан айында украиналық жамағат ислам дінін енді қабылдап жатқандармен толығу түсуде. Солардың бірі – Лиза есімді 19 жастағы украиналық бойжеткен, Кировоград тұрғыны. Маусым айының 26-к күні, жұма күні ол ел астанасындағы ислам мәдени орталығында тілін кәлимаға келтіріп, тура жолға түсті. Яғни, араб және орыс тілдерінде өзінің мұсылман болғанына куәлік етіп, шәһадат айтты. Тек тілімен айтып қоймай, толқи тіл қатып, көз жасына ие бола алмады. Ол қасиетті Құран Кәрімді оқып барып, осындай шешімге келгенін жеткізді. «Менің қолыма Құран ұстатты. Әлбетте, мен орыс тілдімін. Бірнеше сүрені оқып шықтым. Олардың көбісі бүгінгі күннің сауалдарына жауап беретінін байқадым», - деді ол. Сондай-ақ, Лиза өзінің ислам дінін қабылдағанын отбасындағылардың білмейтінін, оларға әлі айтпағанын мойындады. Туыстарының өзінің бұл шешіміне қырын қарауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. «Тек осы мешітте танысқан ең жақын адамдарым ғана біледі. Мен бұған ұзақ дайындалдым, оның қалай болатынын талай рет елестеттім. Алайда, осынша жан тебірентерлік сәтті басымнан кешірермін деп ойламаған едім. Жылаймын-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Аяқ астынан болды ғой. Мен барлық жан-тәніммен, ақыл-ойыммен шәһадат айттым», - деді ол сөзін сабақтап. Лиза қалай намаз оқу керек екенін біліп алды. Бұған қоса, ол ауыз бекітіп, ораза ұстауға ниеттеніп отыр. Ниетіңіз қабыл болсын, Лиза!
Тағы бір мешітке Халифа Алтай есімі берілді (ФОТО)
Алматы облысы Қырғауылды ауылында тұңғыш рет жаңа мешіт бой көтеріп, оған Қазақстандағы Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбегін сіңірген Халифа Алтай есімі берілді, - деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
500 жамағат сиятын Алла үйінің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, құттықтау сөзін сөйлеп, жаңа тағайындалған мешіт имамына Құран Кәрімді сыйға тартты,-деп жазады azan.kz. Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың ауызашармен жалғастырған салтанатты шарасына Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Халифа Алтай атамыздың ұлы Абдурахим Халифаұлы мен облыс имамының өкілі және ауыл тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, өткен аптада ғана белгілі қоғам және дін қайраткері, түркітанушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Халифа Алтайдың есімі ең алғаш рет Шығыс Қазақстан облыстық мешітіне берілген болатын.
Алтай Халифа (1917-2003) – 18 желтоқсанда Шығыс Түркістанда туған. Дін және қоғам қайраткері, жазушы. Сауатын ауыл молдасынан ашқан. 1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұрты Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған. 1940 жылы Халифа және Елісхан, Зайып бастауымен бірнеше мың адам Тибет арқылы Үндістанға барып, 1941 жылы Кашмир өлкесінде тұрақтады. Одан кейінгі өмірі Үндістан мен Пәкістанда өтіп, осында арабша, урдуша білім алған. 1951 жылы Пешавар қаласында Қытайдан көшіп келген қазақтар қоғамы құрылып, сонда жауапты хатшы болды. 1953-1954 жылы Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырушылардың бірі.
Халифа Алтай Түркияда шығармашылықпен айналысып, Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапар туралы өмірбаяндық кітаптар жазды. 1991 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келді. Ислам дінін уағыздап, діни кітаптар аударып, таратуға еңбек сіңірген. 1991 жылы Халифа Алтай аударған Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды. 1995 жылы «Сияр нәби» атты кітабы жарық көрді. 1995-2000 жылы Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды. Ол «Қазақ түріктерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолияға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары жарық көрген. «Құран Кәрімді», «Кәләм Шарифді» аударған, көптеген діни кітаптардың авторы.
Құранды бірінші рет қазақшаға толық аударған Халифа Алтай атамыздың есімі мешіттерге беріліп жатқанына да қуанып отырмын. Атаның жаны жәннәтта болғай.