Ислам жайында жаңсақ ойлаудың бір ұшығы неде жатқаны белгілі болды
|
Америкалықтардың дені мұсылмандармен тікелей таныс емес, бұл өз кезегінде исламофобиялық әлеуметтік дерттің етек алуына себеп болып отыр. Нақтырақ айтқанда, АҚШ азаматтарының 10 адамының алтауы өмірінде мұсылмандармен тілдесіп көрмеген немесе сирек дидарласқан. Бұл жайында "ansar.ru" ақпарат көзі хабар таратты. Аталған алпауыт елдегі діндерді зерттеумен шұғылданатын қоғамдық институттың әлеуметтік зерттеу нәтижесі осыны көрсетіп берді. Америкалықтардың 57 пайызы ислам турасында аз білетінін жеткізсе, 26 пайызы асыл дініміз жайында мүлдем білмейді. Сол себепті, ислам жайында жаңсақ ұғымға бой алдырғандар жаза басып жатады. Оның үстіне, бұқаралық ақпарат құралдарының да бір жақты ақпараты мен саясаткерлердің сыңар езу мәлімдемелеріне тез иланып қалады. Қарадай жау көреді. Мұсылмандарға қоқан-лоқы, қысым көрсетеді немесе ашық шабыл жасап, қастандыққа барып жатады, жәбір көрсетеді. шариғат шәлісін жамылған қыз-келіншектерді жұмыс пен оқудан қуып, сақал жіберген ер-азаматтардың соңынан шырақ алып түседі.