Ирандағы шетелдік студенттердің 86%-ы Азия елдерінен
|
Бүгінде Иранда білім алып жатқан шетелдік студенттердің 86%-ы Азия елдерінен келген. Бұл жайында islam.kz порталы парсылар елінің ғылым және технология жөніндегі вице-президента кеңесшісі Парвиз Карами келтірген дерекке сүйенген irna.ir ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Соңғы жылдары ғылыми және технологиялық әлеуеті артып келе жатқан шиғалар елінде білім алуға құлшыныс танытатын шетелдіктердің қарасы артып келеді. Бір ғана Ауғанстаннан Иранда 13 мың 851 студент білім алуда, одан кейінгі орында Ирак тұр – 2810 студент. Үшінші орынға Ливан жайғасқан – 368 студент. Әлбетте, соғыстан сансыраған Сириядан да, экономикасы тұралаған Пәкістаннан да келіп білім алатын студенттер қатарында қытай студенттері де бар. Қытайдың ғылыми және технологиялық әлеуеті мен мүмкіндігі Иранның бұл тараптағы қуатынан бірнеше есе асып түссе де қытай студенттерінің шиғалар елінде білім алуына Иранның түрлі саладағы ғылыми жетістіктері ғана емес, сонымен қатар, Қытай инвестициясы молынан құйылған аталған елде қытайлық мамандарды даярлау стартегиясы жатыр: осылайша Қытай өзнің инвестициялық тәуекелін қорғаудың бір жолы ретінде қытайлық студенттердің Иранның жоғарғы оқу орындарында білім алуына жағдай жасауды қолға алған.