Иранда өлім жазасы жиі қолданыла бастады
Иранда өлім жазасы жиі қолданыла бастады
9 ай бұрын 1255 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: elements.envato.com. Автор: MirkoVitali

Өткен жылы Иранда кем дегенде 834 өлім жазасы қолданылған. Бұл жайында islam.kz порталы халықаралық құқық қорғау ұйымдары келтірген дерекке жөн сілтеген Islam-Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Парсы еліндегі өлім жазасына қатысты көрсеткіш 2015 жылдан бері алғаш рет ең жоғары деңгейге жеткен. 2015 жылы шиғалар елінде 972 адам өлім жазасына кесілген еді. Норвегияда орналасқан Иран адам құқықтары (Iran Human Rights) ұйымы мен Франциядағы «Өлім жазасына қарсы бірге» ұйымы жасаған ортақ мәлімдемеде Иран режимі билікті сақтап қалу үшін халықты үреймен ұстауға ден қойған. Иранның адам құқықтары жөніндегі жетекшісі Махмұд Әмір-Мұқадамның айтуынша, бұл тарапта өлім жазасы ең маңызды құралға айналған. Дегенмен, назар аударатын факті бар: аталған елдегі режимге қарсы наразылық шеруіне  қатысқандар арасында өлім жазасына кесілгендер саны соншалықты көп емес, өлім жазасына қатысты үкімдер негізінен полиция қызметкерлерін немесе көтерілістерді басуға қатысқан Ислам революциясының сақшылар корпусы мүшелеріне жасалған қастандықпен байланысты екенін айта кетуіміз керек. Бұдан бөлек, есірткі саудасы және сепаратистік әрекеттер сияқты ауыр қылмыс түрлері бойынша өлім жазасына кесілгендер қарасы айтарлықтай көп. Дарға асылғандардың 167-сін этникалық балуждар құраған. Олар негізінен сепаратистік әрекеті үшін айыпталған болатын.

0 пікір
Мұрағат